Алматыда жергілікті «Қайрат» футбол командасының сайтында 13 наурызда өтетін кездесуге билеттер сатылуда. Алайда, мегаполис «сары» аймақта болғандықтан стадионға көрермен кіргізуге рұқсат жоқ.
Санитарлық бақылау мамандарының сөзінше, егер карантин талаптары бұзылса, ұйымдастырушылар мен келушілер әкімшілік жазаға тартылады. Ахуал оңалып, қала «жасыл» аймаққа өткенде ғана ойындарды тамашалауға рұқсат берілмек. Оның өзінде стадион сыйымдылығы 20 пайыздан аспауы тиіс және келушілер бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауы керек.
Сәдуақас Байғабылов, Қалалық тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Бұл хабарлама алдын ала, яғни эпидахуал тұрақталғанда жарияланды. Егер қала «жасыл» аймақта болса, көрермен ойынды ешқандай кедергісіз тамашалайтын еді. Келеңсіздік болмас үшін ұйымдастырушылар жанкүйерлеріне жағдайды түсіндіріп, ертерек хабар беруі керек.
Қалада 22 ақпанда басталған ревакцинация әлі де жалғасуда. Бүгінде 380 медицина қызметкері екпе алған. «Ал екінші кезең бойынша қазір тізім жасалып жатыр. Дайын болғанда оқытушылар мен полиция қызметкерлерін вакцинациялау басталады», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Нұрхан Нұрланұлы