14 жасында трактор тізгіндеген кейуана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

14 жасында трактор тізгіндеген кейуана

05.03.2021

14 жасында трактор тізгіндеп, тылда еңбек еткен қостанайлық Ғаникамал Таткенова биыл 95 жасқа толып отыр. Бұғанасы қатпай жатып ауыр жұмыс атқарып, тұрмыстың тауқіметін тартса да кейуана ешқашан жасымаған. Бойынан қуаты тайғанша еңбектен қол үзбепті. Бүгінде ол шөбере, шөпшек сүйіп, перзенттерінің сый құрметіне бөленіп отыр. 

Ғаникамал әже әкесі қайтқан соң анасының қайта тұрмыс құрғанын, өзінен кіші тағы үш бауыры болғанын айтады. 7-ші сыныпты тәмамдағасын ол мұғалімдер училищесіне түскен. Алайда көп ұзамай соғыс басталып, өгей әкесі майданға аттанады. Ол енді анасы мен бауырларына көмектесу үшін мұғалімдер училищесінен шығып, тракторшының курсын оқиды. Сөйтіп көп ұзамай ауыр техниканы тізгіндейді.

Ғаникамал Таткенова, еңбек ардагері:
Күндіз трактормен жер жыртып, егінде жүрем. Кешке келгесін кесте тігіп, қолғап-шұлық тоқып майданға жібереміз. Сол кезде 14 жастағы қызбын. 

44-ші жылы ауылға неміс, поляк, ингуш, шешен ұлтының өкілдері жер аударылып келгені де есінде. «Олардың киер киім, ішер асы болмады» дейді. Жергілікті жұрт қолындағы барымен бөліскен. 

Ғаникамал Таткенова, еңбек ардагері:
Ана қыздарына сиыр бақтырды. Қар түсіп жатқан кез, аяқтарында аяқкиімдері жоқ. Сонда сиырдың жаңа түскен жапасына аяқтарын тығып жылытқанын көзіміз көрді. 

Соғыстан соң Ғаникамал әже майданнан аман оралған Таткенов Хайдар атты азаматтың бірімен бас қосып шаңырақ көтерген. 3 ұл, бес қызды дүниеге әкеліп, өсірді. Кейін олардың бәрі жоғары білім алып түрлі мамандық иесі атанған. Қазір кенже ұлының қолында тұрады. 13 немере, 23 шөбере, үш шөпшек сүйіп отыр.

Мүсілім Хайдар, немересі:
Бұл кісі мені еркелетіп өсірді. Ылғи қонаққа ертіп баратын. Мен әжеме өте жақын боп өстім. Қазір бөлек тұрсам да күнде қоңырау шалып сөйлесіп отырамын. Ортақ әңгімеміз көп.

Өзі бері келгенше қолынан инесін тастамай іс тіккенін айтады. Себебі құр қарап отыру жанына жат. Әжей әлі де кітапты көзәйнексіз оқиды. Көпті көрген кейуана адамды бақытты ететін тек адал еңбек деп біледі. Ал басты байлық – бейбітшілік. Сондықтан бүгінгі ұрпақ білімді, ұстамды, еңбекқор болса деп тілейді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу