Қарағанды облысында жылқы шаруашылықтары субсидиясыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жылқы шаруашылықтары субсидиясыз қалды

04.03.2021

Қарағандылық фермерлер жылқының еті мен сүтіне берілетін субсидияны екі жылдан бері ала алмай келеді. Бұл жөнінде құзырлы мекемелерге сан мәрте шағымын жеткізген. Алайда әзірге нәтиже жоқ,-дейді шаруалар. Ал ауылшаруашылығы басқармасының мамандары қазір жылқы етіне көмек ретінде қаржы мүлдем қаралмағанын, ал бие сүтіне қазынада қаражат жоқ екенін айтып отыр. 

Медет Мамыраев 7 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. 2016 жылға дейін жылқы етінің әр келісіне 100 теңгеден, ал 2019 жылға дейін бие сүтінің әр литріне 60 теңгеден субсидия алып келген. қазір ондай көмек мүлдем жоқ,-дейді фермер. 

Медет Мамыраев, фермер:
Жылқының сүтіне субсидия берілсін. Жылқының өткізіп жатқан етіне берілсін. Қазіргі уақытта шыны керек, шошқаның етіне беріліп жатқанда біздің ата-бабамыздан келе жатқан осы киелі малға, жылқыға берілмей жатыр. 

Ертеден қымызымен әйгілі Жаңаарқа ауданы жылқыны көп өсіреді. Осыдан екі жыл бұрын жаңаарқалықтар бір мезетте 10 тонна қымыз пісіп, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Қазір де жыл сайын 2 мың тоннаға жуық ұлттық сусын өндіреді. Бірақ қолдау болмаған соң бие байлайтындар қатары азайған.

Бекболат Сәкенов, фермер:
Оның барлығын сауып жолға қоюға болады. Тек қана мен емес, бірнеше шаруа қожалықтар бар жылқыларының барлығын далаға жібере салған. Егер үкіметтен субсидия қарастырылса, мен ойлаймын, барлығы ауылға әкеледі. Ауылда жұмыс дейтін жұмыс та жоқ. Осы мал шаруашылығымен айналысады жастардың көбісі. 

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес кейінгі жылдары шығыны аз салаға субсидия қысқартылған. Қаражат шаруашылықтың ақсап тұрған өзге түрлерін дамытуға бағытталған, дейді жергілікті билік өкілдері. 

Сырым Бошпанов, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Мысалы жаңағыдан алынған қаражат қой саласын дамытуға бөлініп жатыр. Бұрын әр аналық қой басына 1 жарым мың теңге төлейтін болса, қазір 2 жарым мың қарастырылып отыр. Бір саладан алып бір салаға беріп жатыр. Ал қымызға берілетін қаражат ол бар. Қазір жергілікті бюджет есебінен бөлуге болады. Бүгінгі күнге бұл бағытта қаражат қарастырылып отырған жоқ.

Келешекте бюджеттен ақша бөлінсе ғана бие сүтіне субсидия беріледі. Бірақ ол қай кезде жүзеге асатыны әзірге белгісіз. 

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу