Елімізде 200-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 200-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар

04.03.2021

Елімізде 200-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар. Олардың дені орталық және солтүстік аймақтарда. Бірақ, мамандар қазір апаттың алдын алу жұмыстарына кіріскен. Бүгін жер-жерде тасқынға тосқын қоюға арналған оқу-жаттығу жиындары басталды.

Елордада су басуы мүмкін 29 аумақ анықталды. Әсіресе, Үркер тұрғын алабындағы жер үйлерге қауіп көп. Сондықтан, аймақ құм салынған қапшықтармен қоршалып жатыр. Ал, Байқоңыр, Сарыарқа аудандарындағы арықтар тазалануда. Егер жағдай қиындаса, халықты уақытша орналастыру үшін 4 қонақ үй мен 10 нысан дайындалған.

Соня Құспаева, –«Үркер тұрғын алабының» тұрғыны:
Үйлерімізге су кірген кездер де болды. Қазір міне балалар келіп, былтыр да осындай бөгет жасап, тасқыннан сақтады, былтыр үйімізге су кірген жоқ.

Ал, Қарағанды облысында 174 елді мекенді су басуы мүмкін. Бүгінде 33 ауылдың маңына бөгет салынып, 12 шақырым өзен арнасы бекітілген. Өңірдегі ең үлкен Самарқанд, Ынтымақ қоймаларындағы су деңгейі бақылауда. Төтенше жағдай бола қалса құтқару жұмыстарына 6700 адам мен 1600 техника даяр.

Республикалық жаттығу Павлодарда да өтті. Өйткені, аймақта 28 елді мекенге қаупі бар. Су бұзып өтеді-ау деген тұстарды мамандар тік ұшақпен бақылады. Айта кету керек, қазір төтенше жағдайдың алдын-алудың «Жол картасы» жасалған.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайдар министрінің бірінші орынбасары:
Қазіргі күні соның ішіндегі 700-дей ауыл-аймақтарда осы кауіп шешілген. Бірақ әлі 200-ден артық елді мекендерде қауіп бар-деп есептейміз.

Биыл аймақта қар аз болса да, жер тоң болып жатыр. Сондықтан, еріген су топыраққа сінбей, айналаға жайылады. Қазір мұздан құрсау жамылған қарт Ертіс қауіпті. Себебі, былтыр өзен суы қайтпай, арнасы толған күйінде мұзға айналған. Сондықтан қос қапталдан, әсіресе су шығатын еңіс жерлерді қоршай салған бөгет биіктетіліп жатыр.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу