Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

04.03.2021
Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтер конкурс арқылы қабылданады. Сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Айтуынша, енді мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды.

«Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін.

Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді», - деді ол Facebook-те. 

Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі. Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша Білім басқармалары жүргізеді.

«Кейбір жағдайларда жұмысқа деген ынтаның төмендеуі, мотивацияның жоғалуы немесе сол ұйымдағы басқа мамандардың да қызметтік өсуге деген ниеті болуы – заңды ұғым. Яғни, басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да бар, кемшіліктері де көрініс тауып жатады. Жалпы, басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді», - деді министр. 
білім министрі Асхат Аймағамбетов педагог

Хабарламаларға жазылу