Атырауда әлі газ тапшы. Үш күннен бері көлікке құятын отын таппаған жүргізушілер әбден әуре-сарсаңға түсті. Бекеттердегі қазандықтардың басым бөлігі қаңырап бос тұр. Тапшылықтың кесірінен баға да шарықтап кетті.
Бұған дейін литрі 50 теңгеден сатылған газ, айналдырған екі күннің ішінде 65-70 теңгеге бір-ақ шықты. Оның өзінде ақшаға іздеп таппай талайы сенделіп жүр. Күрт көтерілген баға көлік жүргізушілерінің қалтасына салмақ болып тұр.
Бақтыгерей Қасымов, тұрғын:Алдында 50-53-тен болды, әр жерде әртүрлі. Қазір 65 дейді.
Жаңабай Сисекенов, тұрғын:Көтерсін. Бірақ адамның қалтасы көтере алатындай бағаны қою керек қой.
Газ құю бекетінің өкілдері қымбатшылықтың себебін түсіндіріп бере алмады. Сұхбат беруден бас тартып, тіпті есіктерін құлыптап алды. Өңірдегі автокөліктер тәулігіне шамамен 150 тонна сұйытылған мұнай газын тұтынады. Мәселеге қатысты әкімдікте шұғыл жиын өтті.
Облыс әкімі жағдайды тығырыққа тіреген сала басшыларына ескерту берді. Кінәлілерді тауып, шара қолдануды тапсырды. Қазір арнайы жұмыс тобы іске кіріскен.
Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі:Неге мәселені сол кезде министрлікпен дер кезінде шешпедіңіздер. Тапсырманы беріңіздер. Жұмысты ұйымдастырыңыздар. Осындай жағдайға жеткізу – қалай айтсаңызда дұрыс емес.
Наурыз айына қажетті 4500 тонна газды сатып алу үшін келіссөздер жүріп жатыр. Алғашқы партия жуық арада Теңіз кенішінен жеткізіледі. Жергілікті билік, бағаны реттеуге қауқарымыз жетпейді, министрлік құзырындағы шаруа деп отыр.
Жандос Темірғали, тілші:Қазір 1 айға жететін қор жинап алу жоспарланған. Ал, газ тапшылығына жол берген Атырау мұнай өңдеу зауытындағы кешенді жөндеу жұмыстары наурыз айының ортасына қарай аяқталмақ.
Жандос Темірғали