Ақтауда КТК ойыншысы Данияр Әлімбаевты пышақтап өлтірген 3 күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда КТК ойыншысы Данияр Әлімбаевты пышақтап өлтірген 3 күдікті ұсталды

23.07.2018

Ақтауда шілденің 20-нан 21-не қараған түні белгісіз біреулер Көңілді тапқырлар клубының бұрынғы мүшесі 32 жастағы Данияр Әлімбаевты пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиға 6 ықшам аудандағы демалыс орындарының бірінде болған. Интернетте тараған бейнежазбаға қарағанда кикілжің қалай басталғаны белгісіз. Тек үш адамның Даниярға жабыла кеткенін байқауға болады. Кенеттен солардың бірі пышақ сұғып, аяғының күре тамырын зақымдаған. Көп қан жоғалтқан Данияр облыстық ауруханада көз жұмды. Көп кешікпей 1996, 1998 және 1999 жылғы үш күдікті қолға түсті. Қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбелік Данияр Әлімбаевтың артында 4 баласы қалды.

Айгерім Ибатуллаева, ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Аталған дерек 2018 жылы 21 шілдеде Ақтау қалалық Ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеу біріңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-тармағы бойынша тіркелді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

 

Нұрлан ҮСЕН

Хабарламаларға жазылу