Қазақстан мен Қырғызстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады

02.03.2021

«Қордай» бекетін жаңғырту жұмыстары жалғасатын болды. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Бұл туралы қазақ-қырғыз президенттерінің келіссөзі кезінде белгілі болды. Екі ел басшылары шағын, кейін кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелерін талқылады. Бұдан кейін екі ел президенттері бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің алдымызда тұрған міндетіміз - осы дәстүрлі жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі кездесулер маңызды болады деп ойлаймын.
Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:
Жұбан Молдағиұлы 4 шумақпен айтып кеткен. Мен қазақпын, қырғыз ол туысқаным, Бірге тартқан тарланын құйысқанын. Анамыз да қаракөз бір қыз бәлкім, Бөліп берген егізге туыс нанын. Ешқашан шешілмей тұрған мәселелер болмауы керек. Бүгін екі тараптың көтеретін мәселелері шешіліп, бір-бірімізге қолдау танытамыз деп ойлаймын.

Шағын құрамдағы кеңес кеңейтілген форматта жалғасты. Тараптар өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға мүдделі. Саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда бірлесе атқаратын шаруа көп. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа бұдан былай тың серпін берілуі тиіс. Бұл сапардың мақсаты да осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз қырғыз ағайындарымызды қолдауға және жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді.

Індет дендеп, әлемнің дегбірін қашырғанда Қазақстан бауырлас елге қол ұшын созды. Садыр Жапаров қиын кезде қолдау танытқан қазақ еліне алғыс айтты.

Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:
Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін.

Тараптар бірқатар жобаларды бірлесе атқаруға уағдаласты. Алдымен іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейту керек. Инвестициялық ықпалдастықты дамыту, екі елдің көлік-транзиттік әлеуетін бірлесе пайдалану, цифрландару саласын жандандыру міндеттері тұр. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Бұдан соң Қазақстан мен Қырғызстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады. Қос тараптың саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддесі ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжат бекіген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстарды жалғастыруға назар аудардық. Қазақстан пандемия кезінде медициналық құралдар мен дайын екенін растап отыр. Біз мұндай көмекті жалғастырамыз және басқа арналарға таратамыз. Сонымен қатар, Қырғызстанның қарулы күштеріне көмек көрсететін болдық.

Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс пен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда өзара инвестицияларды қолдау мен қорғау келісімі жасалды. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізуге келіскенін жеткізді. Тағы бір маңызды міндет – азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы ретте шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы ең ірі «Қордай» (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды.

Өзара байланысты нығайту үшін іргелес жатқан аймақтардың ынтымақтастық аясын да кеңейту керек. Бұл жөнінде де келісім жасалды. Енді өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумын тез арада өткізу қажет, сондай-ақ, шекара маңында тауарды рәсімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру көзделген. Тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, сондай-ақ, өңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.

Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады. деді Президент келіссөз кезінде. Міне осы туыстықтың белгісі ретінде келешекте Бішкекте Абайға, Елордада Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтеретін болды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу