Ақпанның соңында аяз қысып, борандатып тұр, қыс соңғы қаһарын төгіп жатқандай. Жолда қалып, зорға табылғандар да, құтқару қызметі жеткенде кеш болған жағдайлар да бар.
Ал Қостанай облысы Амангелді ауданының Қарағанды облысымен шектесетін аймағында 21 ақпанда мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен Амангелді Тұржанов есімді жылқышы бір жұмадан соң кеше табылды. Көлікпен іздеп, нәтиже болмағасын Нұр-Сұлтаннан тікұшақ жіберілген. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, тікұшақпен шыққан құтқарушылар әуелі оның мініс атын көрген. Ал өзі қамыс аралас қарды үңгіп, соның ішінде жатқан. Әбден әлсіреп, жүре алмай қалған жылқышы Жезқазғанға жеткізілген. Тізелері мен саусақтары үсіп кеткен, жағдайы қанағаттанарлық, ем қабылдап жатыр, деген дәрігерлер.