Алматының Аюсай шатқалында ағаштар заңсыз оталған ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының Аюсай шатқалында ағаштар заңсыз оталған ба?

26.02.2021

Алматының Аюсай шатқалында ағаштар заңсыз оталып жатыр.Бұл ақпаратты қалалық жасыл экономика басқармасы жариялады. Әкімдік өкілдерінің дерегіне сай шатқалда селден қорғайтын бөгет салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме жасыл желекті оңды-солды кесіп тастаған. Ал бөгет салушылар бұл пікірмен келіспек емес.

Қуан Нұрақын, тілші:
Бөгет салу үшін оталғандардың дені долана, шырша және жабайы алма ағаштары. Дәл осы Аюсай шатқалына бөгет салу аса маңызды дейді мамандар. Себебі, 300-ге жуық әлеуметтік және өндірістік нысандарға, сондай-ақ 30 мың адам тұратын тұрғын үйге қауіп төніп тұр.

Бөгет салушылар тұрғындар қауіпсіздігін ойлағанымен, қоршаған ортаға зиян келтірмеу жағын қарастырмаған дейді қала әкімдігі. Басқарма мәліметінше, мыңнан аса ағаш пен төрт мыңға жуық шыбық түп-тамырымен оталған. Ал құрылысқа жауапты «Қазселденқорғау» мекемесі мұнымен келіспей отыр. Ағаштарды кесуге рұқсат алдық, заңнан аттамадық дейді.

Нұрлан Аятов, «Қазселденқорғау» мекемесі Қарасай бөлімшесінің басшысы:
4 ақпанда 1697 ағашқа рұқсат алғанбыз. Кесіп бастаған ағаштарды оның орнын Алматы қаласының ішінде ағаштардың барлығын отырғызамыз. Отырғызудың жоспарын жасап жатырмыз.

Яғни, мекеме оталған жасыл желекті қалпына келтіру үшін қала ішіне 24 мың түп ағаш егеді. Ал осы уақытқа дейін кесілгендері ұлттық парктің цехына жеткізілген. Енді жалпы шығыны есептеліп, қаржы жергілікті бюджетке аударылады.

Райхан Мұхаметжанова, «Іле Алатау» табиғи ұлттық паркінің аға орманшысы:
297 куб ағаштың 824 300 теңге өзіміздің платина салынып жатқан жер Бостандық ауданы қарағандықтан сол салық бөлімшесіне төленеді.

Сондықтан «Қазселденқорғау» мекемесі жалған ақпарат тарап жатқандығын айтты. Осыған дейін «заңсыз ағаш кесті»,- деп айып таққан жасыл экономика басқармасы мәселенің анық-қанығын айтудан ат-тонын ала қашты. «Әлі де тергеу жүріп жатыр»,- деген желеумен мүлдем жауап та берген жоқ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу