Қазақстанда мүгедек адамдарға көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда мүгедек адамдарға көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады

26.02.2021
Қазақстанда мүгедек адамдарға көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады

2021 жылы Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға түрлі көмек көрсету үшін «Ten Qogam» орталықтары ашылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов хабарлады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 695 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 419,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60%), 180,6 мыңы зейнеткерлік жаста (26%), 94,7 мыңы – 18 жасқа дейінгі бала (14%).

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,4%-ға артық.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша 343,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам немесе мұқтаждардың 81%-ы қажетті техникалық құралдармен (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілді. Бұл орындалуы мүгедектігі бар адамдардың қоғамға кірігу дәрежесіне байланысты болатын өте маңызды индикатор. ОТҚ қамтамасыз етуді жақсарту үшін өткен жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz), ол арқылы азаматтар өз бетінше, мемлекеттік сатып алуларсыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін таңдап, сатып ала алады», – деді Серік Шәпкенов.

2020 жылы порталда жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ-ның 55 түрінің 24-ін сатып алу мүмкіндігі іске асырылды. 28,8 мың оңалтудың техникалық құралы берілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ОТҚ-ның 55 түрі қолжетімді болды (түрлерін ескергенде - 67). Сондай-ақ Портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаторлық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады.

Экономикалық белсенділік үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленді. Бұл анықтамалық мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуді жетілдіру үшін пайдаланылатын болады (enbek.kz). Ұсынылатын мамандықтар ҚР Ұлттық кәсіптер сыныптауышына негізделген. 12 мыңнан астам кәсіп зерделенді, нәтижесінде мүгедектіктің 1-тобы үшін 2,5 мыңға жуық кәсіп ұсынылды, 2 және 3-топтар үшін жеке-жеке 7 мыңға жуық кәсіп ұсынылды.


Хабарламаларға жазылу