Ашаршылықты зерттеу үшін ғалымдар мұрағатқа қол жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ашаршылықты зерттеу үшін ғалымдар мұрағатқа қол жеткізе алмай отыр

25.02.2021

Ашаршылық тақырыбын терең зерделеп, тарихты түгендеу аса маңызды. Бірақ, фактілерге жүгініп, нақты тұжырым жасау үшін ғалымдар мұрағаттағы материалдарға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында көтерді. Қазір тарихшылар көптеген мәліметтерді нақты дәйек болмағаннан кейін, шамалап айтуға мәжбүр. Сенатор мұрағат материалдарына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуді сұрады. Қажет болған жағдайда олардан «құпия» деген белгілерді алып тастау да маңызды дейді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ашаршылыққа қатысты көптеген құжаттар ҰҚК, Прокуратура, ІІМ архивтерінде сақталуда. Ал оған зерттеушілердің кіруі қиын Зерттеуші ғалымдардың Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің, оның ішінде Москва, Омбы, Орынбор, Томск, Уфа, Қазан, Түмен қалаларындағы архивтердегі материалдарды зерттеу жұмыстарына мүмкіндіктер жасалса.

Сенатор жыл сайын 31 мамырда мемлекеттік деңгейде бір минуттық аза тұту шарасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін пысықтауды да сұрады. Сонымен қатар, ашаршылық нәубетінің 100 жылдығы тұсында елордада «Аза сарайы» немесе «Қазақ қасіретіне тағзым» мемориалдық кешенін салуды ұсынды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу