Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы – 101 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы – 101 жаста

22.02.2021

Қазақ телевизиясының ардагері, тұңғыш диктор Зұлқия Жұматова 101 жасқа толды. Қос ғасырдың куәсі қара шаңырақ Ұлттық арнада қалтқысыз еңбек етіп, көркем келбетімен, әуезді үнімен көпшіліктің есінде қалды. Айтулы мерейтойға орай Алматы қаласының музейлер бірлестігінде Ұлттық арна апталығы ұйымдастырылды. Тұңғыш диктордың құрметіне көрме ашылды.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
1958 жылы Алматы телестудиясы ашылып, жүргізушілерге кастинг жарияланады. Оған Зұлқия Жұматова да қатысып, бағын сынайды. Осылайша комиссияның шешімімен 750 қатысушының ішінен үздік шығып, диктор атанады. Ал мынау сол қызметке қабылданғандағы құжаттар.

Көрме залына телевизия ардагерінің ертеректе пайдаланған заттары, киімдері, фотосуреттері мен марапаттары қойылған. Бұдан бөлек, Алматы телестудиясында қолданылған ескі техникаларды да көруге болады. Бүгін көрменің салтанатты ашылуына қатысқан Зұлқия Жұматова өзіне көрсетілген құрметке дән риза.

Әнуар Үмбетәлиев, қалалық музейлер бірлестігінің директоры:
Болашақта Зұлқия апайымыздың жеке коллекциясын музей қорына қабылдасақ деген ойымыз бар.

Көрменің ашылуына Ұлттық арна ұжымы мен қалалық әкімдік өкілдері қатысып, телеөнер майталманын мерейлі жасымен құттықтады. Сый-сыяпаттар табыстады.

1920 жылы Баянауылда дүниеге келген Зұлқия Мұқанқызы жастайынан шығармашылыққа құмар болды. Өлең жазып, балалар әдебиетінің алтын қорын қалыптастыруға үлес қосты. Алматы телестудиясында қызмет еткен жылдарда түрлі хабардың тізгінін ұстап, көпшілікке үздіксіз ақпарат жеткізді.

Мұхаммед Мезгілбаев, Қазақ телевизиясының ардагері:
Ол кезде жұрттың барлығы осы кісінің киген киімі, сөйлеген сөзіне, жүрген жүрісіне, тұрған тұрысына қарайтын. Міне соның барлығына мысал бола алған осы Зұлқия Мұқанқызы.

Зұлқия Жұматованың саналы ғұмыры – талғамы биік көрерменнің көз алдында. Телевизия ардагерінің өміріне қатысты құнды жәдігерлерді келушілер алдағы 1 апта бойы тамашалай алады.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу