Түркістан облысында үш мекеменің қызметкерлері екі айдан бері жалақыларын ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында үш мекеменің қызметкерлері екі айдан бері жалақыларын ала алмай отыр

22.02.2021

Түркістан облысында дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты үш мекеменің жұмысшылары соңғы екі айдан бері жалақыларын ала алмай келеді. Олардың қатарында облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансері мен «Бәйшешек» сауықтыру және су спорты кешендері бар. Бүгін төзімі таусылған дәрігерлік дене тәрбиесі диспансерінің отызға тарта қызметкері облыстық әкімдіктің алдына жиналып, жалақыларын төлеуді талап етті.

Мөлдір Мұсабек, Түркістан облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансерінің дәрігері:
Алатынымыз жетпіс ақ мың теңге. Дәрігердің айлығы жетпіс мың теңге. Біз басшылықтан сұрадық. Олар келесі апта түседі, арғы аптамен жүр.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жұмысшыларды ғимаратқа кіргізіп, мәселені жауапты басқарма басшыларымен бірге талқылады. Спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, осы үш мекемені қаржыландыру үшін спорт және мәдениет министрлігі оларды алдымен, есепке алуы тиіс. Соның негізінде ғана облыс қаржы бөледі. Ал әзірге аталған үш мекеменің мәселесі шешілмей тұр.

Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
Осы аптаның соңына дейін қалай болса да мәселені шешіңіздер. Жұрт айлығын алуы керек. Сондай-ақ, қызметтік тексеру жүргізіп, осы жағдайға дейін жеткізген кінәлі азаматтарды табыңыздар.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу