Түркістан облысында екпенің екінші дозасы салына бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында екпенің екінші дозасы салына бастады

22.02.2021

Елімізде медицина қызметкерлеріне екпе салудың екінші кезеңі басталды. Мәселен халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында қауіпті аймақтағы 1300 адамға араға үш апта салып қайта «Спутник V» вакцинасы егілді. Мамандардың айтуынша, екінші рет екпе салғанда алдыңғы вакцинаның әсері күшейеді. Әрі ағзаның иммунитеті артады. Десе де мұнымен «қауіпті аймақтағы» қызметкерлерді вакциналау аяқталмайды. Себебі, облыста әлі үш мыңға тарта медицина қызметкері екпе алмаған. Оларға күні ертең жеткізілетін 5600 доза вакцинадан егу жоспарланып отыр.

Қызылордаға вакцинаның тағы мың дозасы жетті. Аймақта осы кезге дейін 939 медицина қызметкері және ерікті түрде 61 тұрғын екпе салдырған болатын. Бүгіннен бастап вакциналаудан өткен адамдарға екпенің екінші дозасы егіле бастады. 21 күн ішінде ресейлік «Спутник V» вакцинасын алғандар тарапынан ағзасына теріс әсер беріп, денсаулығына шағым келтіргендер тіркелген жоқ, дейді мамандар.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу