Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 2 адам қаза тапты, бірнеше адам зардап шекті. Кеше түс ауа бес қабатты тұрғын үйдің астындағы дәмханада жойқын жарылыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның жәй-жапсары анықталуда.
Тұрғын үйден түтін шығып жатқаны туралы ақпарат түсісімен, өрт сөндіруге қаладағы барлық бекеттерден арнайы техникалар келіп жетті. Үйдегі тұрғындардың бәрі дереу сыртқа шығарылды.
Рамиль Камалов, облыстық ТЖД бастығы:Жекешелендірілген бұрынғы жатқахананың ғимаратынан 120 адам шығарылып, жақын маңайдағы мектепке жеткізілді. Жарылыс болғаннан кейін жоғары деңгейдегі оқиға деп қаралып отыр. 21 техника келді, төтенше жағдайлар департаментінің 83 қызметкері жұмыс істеуде. Маңайды жергілікті полиция қоршауға алды.
Куәгерлердің айтуынша алдымен дүр сілкіндірген жарылыс болған. Кейін дәмхана тұрған жерден түтін шығып, жалын жоғары қабаттарды шарпыған.
Тұрғын:Гүрс ете түсті бірдеңе. Тамақ пісіріп жүргенмін, не болды деп шықсам әйнек-терезелер жұлынып қалыпты. Қатты қорықтым.
Тұрғын:Есікті аша бергенім сол жарылыстан үйге ұшып кірдім. Күйеуім шошып кетті. Бәріміз қосалқы есіктен жүгіріп-жүгіріп шықтық.
Өрттен 15 адам зардап шекті. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген 24 жастағы жігіт қайтыс болды. Өртті сөндіргеннен кейін үйінділердің астынан әйел адамның денесі табылды. Облыстық ауруханада қазір 9 адам жатыр, 3-еунің жағдайы ауыр. Денесін күйік шалып, жарақат алған 10 жасар баланың хәлі орташа дейді дәрігерлер.
Сағындық Сәбитұлы