Сыр өңірінде жол-көлік логистикасы жақсарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде жол-көлік логистикасы жақсарып келеді

19.02.2021

Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалардың аясында былтыр 500 шақырым жолға асфальт төселген. Жалпы аймақтың жол-көлік логистикасын жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Ауқымды тірліктің нәтижесін өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тарқатып айтады.

Өткен жылы облыста жол инфрақұрылымын дамытуға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның басым бөлігі, елді мекендердің жолдарын түзеуге жұмсалды. Мәселен, Шиелі ауданында теміржол үстінен өтетін үлкен көпір салынды. Шойын жолды қиып өтуде қиындық көріп келген ауыл халқының ұзақ жылдардан бергі талап-тілегі орындалды. 

Ғалымжан Бейсембаев, аудан тұрғыны:
Көлік кептелісі болатын. Жарты сағаттап тұратын кезіміз болатын. 2-3 пойыз қатар өтіп қалады. Сол кезде біраз уақытымызды жоғалтатын едік. Енді қазір көпір салынды, қаншама уақытымызды ұтып жатырмыз.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Былтыр Сыр өңірінде 5 көпір ел игілігіне берілді. Солардың бірі - Сырдың сол жағалауы мен «Батыс Еуропа-БатысҚытай» автодәлізін жалғайтын Шіркейлі каналының үстінен салынған мына өткел. Бұрын жүргізушілер қалаға келіп-кету үшін айналма жолмен жүрсе, ал қазір осы көпір арқылы төте жолмен кіріп-шығады.

Дәл осындай Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында да көпір мәселесі оң шешімін тапты. Жалпы ауқымды 19 жоба аяқталып, өңірде жол көлік логистикасы едәуір жақсара түсті. Ал биыл сапалы жолдардың индекаторын 75-пайызға жеткізу көзделіп отыр. 

Мұрат Тілеуімбетов, облыстық автомобиль жолдары ТҮКШ басқармасының басшысы:
Қазір 14 млрд 800 млн теңге қаржы бөлініп тұр. Оған 260 шақырым жол салыну керек. Облыстық маңыздағы жолдардан 5 көпір авариялық жағдайда тұрғаны анықталып, қалыпты жағдайға келтіру жұмыстары жасалынуда.

Аймақта былтыр жол құрылысында мыңдаған адам еңбек етіп, жұмыспен қамтылды. Бүгінде жергілікті әкімдік арнайы жол картасын әзірлеп, алдағы екі жылда жол жайын жақсарту бойынша 73 жобаны жүзеге асырмақ ниетте. 

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу