Наурыз мейрамын 10 күн тойлауды дәстүрге айналдыру ұсынылып отыр. Бірақ бұл 10 күн демалыс болады деген сөз емес. Ресми мерекелік күндер наурыздың 21-і, 22-і мен 23-і болып қала бермек. Оған дейінгі күндер, яғни, наурыздың 14-нен бастап Ұлыстың Ұлы күніне әзірлікке әрі ұлттық мұрамызды дәріптеуге арналмақ. Наурызды мерекелеу бойынша тұжырымдаманы «Рухани жаңғыру» институты ұсынып отыр. Оған сәйкес 10 күннің әрқайсысын бір мазмұнды шараға арнау көзделген. Мәселен, 14-і көрісу күні болса, қалғандары отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндемек. Бір күн игі істер атқарып, қайырымдылық жасауға, тағы бір күн тазалыққа арналса, басқа бір күні ұлттық тағамдар әзірлеу мен қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сағаттарын, жарыстар ұйымдастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ үлкендерге сәлем беріп, туған-туысқа сыйлық тарту сияқты игі дәстүрлер енгізілсе деген ниет бар.
Жанар Боқанова, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамды дамыту институты орталығының басшысы:Күндердің бірі «Өркендеу» деп аталады. Жасөспірімдерге арналған. Әртүрлі Наурызға байланысты интеллектуалды квестер, ойындар ұйымдастырылады. Балалардың спорт, әртүрлі ойындары ұйымдастырылады. Тоғызқұмалақ, ләңгі, көптеген өзіміздің спорттық ойындарымыз бар.
Айта кетейік, биыл пандемияға байланысты Ұлыстың ұлы күнін көппен бірге тойлау рұқсат етіле ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Шешім Наурыз мерекесі жақындағанда эпидахуалға байланысты қабылданбақ. Белгілісі - мейрамға орай жоспарланған концерттік шаралар онлайн режимде өтеді.
Альбина Әшім