Шығыс Қазақстанда аурухана қызметкерлері жұмыссыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда аурухана қызметкерлері жұмыссыз қалды

17.02.2021

Шығыс Қазақстанда 166 адам жұмыс істейтін медициналық мекеме қызметкерлері жаппай қысқартуға ұшырай бастады. Жүйке ауруларын емдейтін мекеме Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылында орналасқан. Біртіндеп жұмыссыз қалып жатқан жергілікті тұрғындар аурухана жабылса, ауыл да құрып кетеді деп алаңдайды.

Жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін мекемеде 20-30 жылдан бері жұмыс істеп жүргендер аз емес. Алайда, олардың еңбек өтілі мол болса да, жалақылары азайып қалған.

Валентина Милькеевич, облыстық психикалық денсаулық орталығының жаңа қанай ауылындағы бөлім қызметкері:
Енді біз 50 мың теңгеге күн көріп отырмыз.

Жалақының қысқарғаны былай тұрсын, жақында бірнеше адам мүлдем жұмыссыз қалмақ. Себебі наркология бөлімшесін Шүлбі кентіндегі психиатриялық ауруханаға ауыстыру туралы шешім шыққан.

Ақмарал Тоқтағанова, облыстық психикалық денсаулық орталығының жаңа қанай ауылындағы бөлім қызметкері:
Ақпанның 20-нан бастап мен жұмыссыз қалып отырмын. Енді қай жерге барып жұмыс істей қояйын десең де үйден кету керек, ол үшін басқа жақта үйің болу керек. Мысалы, қалада менде үй жоқ, қайда барамын.

Қазір орталықта 135 науқас жатыр. Бірақ кезінде республикалық аурухана болған мекеменің ғимараттары осыдан 70 жыл бұрын салынған, ескі. Ал жаңасын салу бойынша жұмыс құжат күйінде қалған.

Мерхат Мұқышев, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:
2015 жылы жобалық сметалық құжаттарды жасауға ақша бөлінген. Жаңа Қанай ауылында жаңа аурухана салу үшін сол кездегі есеп бойынша 3 миллиард 600 миллион теңге қажет болды. Бірақ, қаражат бөлінбей жасаған жобалық сметалық құжаттар ескіріп қалды.

Жана Қанай ауылындағы тұрғындардың басым бөлігі осы аурухана мен жаңадан салынған мектепте жұмыс істейді. Медициналық мекеме басқа ауылға көшірілсе, тұрғындар өзге жаққа қоныс аударып, оқушы саны да күрт азаятыны айдан анық. Ал ауылдың өзегі мектепте бала болмаса, елді мекеннің де болашағы бұлыңғыр.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу