Қытайдан атажұртқа келген ағайынды екі қазақ бала үш айдан бері Шымкенттегі кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығын паналауға мәжбүр. Өйткені үйін көшіріп алу үшін ежелгі қоныстарына қайта барған ата-анасы пандемияға байланысты шекарадан қайтып өте алмай қалған. Әкесі балаларын өз ағасына сенімхат арқылы табыстап кеткенімен Сарыағаш ауданының білім бөлімі балаларды қамқоршысынан айырып, орталыққа өткізіп жіберді.
Атажұртқа Қытай асып келген Еларыс пен Ақмейілдің былтырғы қарашадан бері көрген күні осы. Орталықтан сыртқа аттап бастармайды. Туыстарымен тек телефон арқылы ғана сөйлеседі. Осындағы қамқоршысы саналатын атасы іздеп келгенімен ішке кіргізбейді.
Құрманғазы Жамалбек, Сарыағаш ауданының тұрғыны:Өзінің туған анасынан, әке-шешесінен келісім хат алдырсын деді. Соны бір айда жинап келдік. Бір апта өтті, екі апта күттік. Осы күнге дейін ұласып келеді. Сөздері көп туыстық қатынасың жоқ дейді. Ер адамсың қызды бірге алып жүре алмайсың дейді.
Бірі 4, екіншісі 2 сыныпта оқитын Еларыс пен Ақмейілдің ендігі тағдыры тіпті бұлыңғыр. Өйткені заң бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар орталықта әрі кеткенде үш ай ғана тұра алады. Демек, енді он күннен соң оларды тағы өзге орта күтіп тұр.
Назгүл Құманәлиева, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары:Негізі 90 күн болуы керек. Сол уақытқа дейін шешілу керек мәселе. Оған дейін мәртебелері анықталып, құжат мәселесі шешілмеген жағдайда арғы жағын Сарыағаш аудандық білім бөлімі қарастырады.
Білім бөліміндегі мамандардың айтуынша, балалардың қамқоршысының қолындағы сенімхат тек Алматы облысының аумағы үшін жарамды. Енді қажетті құжаттарды қайта жинау керек.
Айбек Құлқараев, Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:Қытай Республикасынан келісім алу керек елшілік арқылы. Және де өзінің тиісті құжаттарын дайындау керек. Сол кезде балаларды өзінің қамқорлығына алуына мүмкіндігі бар.
Інісінің қос перзенті үшін әуре-сарсаңға түскен жігіт ағасы енді не істерін білмей дал. Енді тек балалардың құқығын қорғау ұйымдарынан ғана үмітті.
Ғани Қалмаханов