Амандық Баталов тұрғындар алдында есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амандық Баталов тұрғындар алдында есеп берді

17.02.2021

Жетісуда биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ. Бұл туралы өңір басшысы Амандық Баталов тұрғындар алдында онлайн форматта есеп беру кезінде мәлімдеді. Алматы облысы аграрлы аймақ болса да өнеркәсіп, орта және шағын бизнес, туризм саласына қомақты инвестиция тарту көзделген.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет. Президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасына Алматы облысының да қосар үлесі қомақты. Еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту міндеті тұр.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
1,3 млн бас ірі қара малымыз бар. 4 млн бас қой-ешкі, шамамен 1 млн гектар егіс алқабы, оның жартысы суармалы болып табылады. Сондықтан экожүйелер құруға қатысатын боламыз.

Ілкімді жобалар мен ауқымды жоспарлар көп. Алайда шешімін таппай жатқан мәселелер де жоқ емес. Тұрғындар онлайн конференция арқылы біраз мәселені жеткізуге тырысты.

Мәселен Көксу ауданында жер асты сулар көтеріліп, егіс алқаптарын жиі су басады. Дренаж жүйелері 30 жылдан бері жөндеу көрмеген дейді суармалы егістіктің жай күйіне алаңдаған шаруалар.

Секенбай Шеңгелбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Көксу ауданы бойынша 196 шақырым құрайтын 34 дренаж каналы бар. Осы каналдың жағдайы өте нашар. 30 жылдан астам уақыт тазаланбаған салдарынан егістік жерлерде жер асты сулар көтеріліп, тұзданып, қамыс басып жатыр.

Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Биыл 18 білім шаңырағы салынады. Алдағы екі жылда өңір халқы тұтастай ауызсумен қамтылып, 2025 жылға қарай тұрғындардың 76 пайызы көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу