Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасын емделуге жұмсай алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасын емделуге жұмсай алмай жүр

17.02.2021

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшаны емделуге ала алмай жүр. Тұрғындардың сөзінше, арада біраз уақыт өтсе де Денсаулық сақтау министрлігі созбақтап келеді. Мәселеге Мәжіліс депутаттары да араласып, министрлікке сауал жолдады.

Қордағы қаражатты игеру жөнінде ереже бекігелі тұрғындар ипотекасын жауып, үй алып, игілігін көре бастады. Қазір ақшасын алғандардың саны 80 мыңға жуықтады. Бірақ ұлт саулығы мәселесіне келгенде жауаптылардың қимылы сылбыр. Мәселен, ақтаулық Лаура жинағы есебінен баласының көзін емдеймін деп жоспарлаған.

Лаура Тындырғанова, қала тұрғыны:
Емге пайдалануға болады дегенде бірінші қуанғандардың бірі мен шығармын. Балама жасалатын ем бар еді. Барып көрдім. Бірақ бұл әзірге мүмкін емес деген жауап естідім.

Тайкен Нұрпейісов те жинағынан дәмелі. Туысының еміне жұмсамақ ниетте.

Тайкен Нұрпейісов, қала тұрғыны:
Бардық, бірақ ешқандай заң тұрғыда ешқандай қаралмаған да ол жағы, құжатта тек қана үй құрылысына деп қанағаттандырылған.

Әлеуметтік желілерде де осыған қатысты шағым көп. Бүгін мәселе Мәжілістің мінберінде де көтерілді. Депутат Аманжан Жамалов тапсырманы дұрыс орындамай, салғырт қараған шенеуніктерді жазалау керек деп отыр.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін қордағы қаражатты жұмсау ережесін бекітпеген. Бірақ денсаулық бәрінен маңызды екенін министрлік түсінбей ме? Парламенттен ескерту күтіп отырасыздар ма?Қызметтік тергеу жүргізіліп, әзірлеуге, келісуге жауапты мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту керек.

Ал жауапты министрлік бұйрық бүгін ғана бекіді деп ақталды. Ведомствоның хабарлауынша, енді қордағы қаражатты халық елде тегін емдеу тізімінде жоқ 7 бағытқа жұмсауы тиіс. Оның қатарында сирек кездесетін аурулар, диагностикалық зерттеу, стоматологиялық қызмет, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету, радиохирургиялық емдеу, протон терапиясы және офтальмологиялық қызметтер бар. Ал жасанды ұрықтандыруға биыл квота 7 есеге көп бөлінгендіктен бұл тізімнен алынып тасталды.

Батыржан Сарымсақов, ҚР ДСМ амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы:
Халықтың арасында депутаттардың арасында түсініспеушілік пайда болып жатыр. Бұл жұмыс заңға сәйкес, кезең-кезеңімен бекітілді.

Қордағы қаражатты жақындардың еміне де пайдалануға болады. Ол үшін емделуші өзі тіркелген медициналық мекемеден сырқаты туралы дәрігерлер комиссиясының қорытындысын көрсетуі тиіс. Бұдан әрі медициналық ұйыммен шарт жасасады. Тек содан кейін ғана қаражат ұйымның есепшотына аударылады. Уәкілетті орган мұны 5 жұмыс күні ішінде орындауы тиіс. Министрлік мәселе осы аптаның аяғына дейін толық реттеледі деп уәде берді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу