Бестамақтағы шошқа фермасының жұмысына шектеу қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бестамақтағы шошқа фермасының жұмысына шектеу қойылды

17.02.2021

Ақтөбенің Бестамақ аулындағы шошқа фермасының жұмысына шектеулер қойылатын болды. Өйткені кәсіпорынның экологиялық талаптарды бұзғаны анықталған. 

Атап айтқанда өндірістік лас сулар жер бедерін бүлдірген, арнайы тазарту қондырғысы болмаған. Биологиялық қалдықтар қоймасы аумағында зарарсыздандыру құдығы мен арнайы қоршау жоқ. Сондай-ақ шошқалардың нақты саны жобада көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмейді. Осылайша, сот шешімімен Экология департаментінің талаптары қанағаттандырылды. Кәсіпорын аумағынан зиянды қалдықтар мен лас суларды шығаруға және шошқаларды союға тыйым салынды. 

Халима Оразова, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз хатшысы:
Серіктестіктің шаруашылық жүргізу қызметінің өндірістік ағынды суларды сақтау қоймаларына және жер бедеріне жіберу бойынша бөлігінде және биологиялық қалдықтарды сақтау қоймасын пайдалану бөлігінде бұзушылықтар қалпына келтірілгенге дейін тоқтатылды. Сонымен қатар, жауапкер қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттан айырылды және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жойылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу