Шығыс Қазақстанда шошқа фермасын салу ұсынысы төңірегінде дау туындады. Инвестициялық жоба Ұлан ауданында жүзеге асады деген сыбыс тарағалы ауыл халқы екіге бөлінді. Бірі экологияны ластайды деп қарсылық танытса, енді бірі жұмыс орны ашылады деп құптап отыр. Айыртау мен Жаңа Қанай ауылдары халқының пікірін өңірдегі меншікті тілшіміз Берік Көшербай тыңдап қайтты.
Екі мыңға жуық тұрғыны бар Айыртау ауылы халқының көбі малмен күн көріп отыр. Нәпақа табу үшін аудан орталығына қатынап, құс фабрикасы мен темір жолда жұмыс істейтіндері де бар. Бірақ көпшілік шошқа фермасы ашылып, көсегеміз көгере қояды дегенге сенбейді.
Светлана Наурызбаева, Айыртау ауылының тұрғыны:Бір шошқа фермасы салынып, біздің және Жаңа Қанай ауылының проблемасы, жұмыссыздық мәселесі шешіледі деп мен сенбеймін, біріншіден. Екіншіден, шошқа фермасының салынуы ауылдың экологиясына зиянын тигізеді.
Алайда ұсынысты құп көріп отырғандар да жоқ емес. Айыртаулықтар тәрізді көрші Жаңа Қанай ауылында да халық пікірі екіге бөлінген.
Клара Мұқатаева, Жаңа Қанай ауылының тұрғыны:Қол қойып, қолдап жатқан адамдар да бар. Қарсы емеспін, бәрін қол қойдық. Халыққа, жастарға жұмыс орны болады деп айтты келгендер.
Дәуренбек Танекенов, Жаңа Қанай ауылының тұрғыны:Сіздерден 11 шақырым алыс салынады, ол жағынан қорықпаңдар деді. Сол үшін ғана халық келісіп отыр.
Бұл екі ауыл Өскемен қаласына жақын орналасқан. Оның үстіне іргеде темір жол бар. Инвестордың осы жақтан 320 гектар жер сұрап отырғаны да сондықтан. Жаңа кешенде 390 мыңға дейін шошқа өсірмек. Елді мекен тұрғындары болса, жер мен ауа, тіпті трансшекарылық өзен суы да ластанады деп алаңдайды.
Базар Жайжатыров, Жаңа Қанай ауылының тұрғыны:Бергі жағында Тасөткел деген бар, Ұзынбұлақ деген бар. Олардың бәрі Ертіске құйылады. Сонда Ертіс өзенін ластайды ғой.
Ал аудан басшылығы жоба экономикалық тұрғыда тиімді, дейді. Себебі жоспарланған инвестиция көлемі 250 миллион АҚШ долларына жуық және 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Нұржан Әбдікәрімов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:Егер оң шешім қабылданса, онда биыл басталып 2024-ші жылы аяқталады. Қазір мәселе жерде болып тұр, ол мәселе толық шешілген жоқ. Жер берілген жоқ.
Жақын арада аудан басшылығы осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізбек. Оған инвесторлар да шақырылмақ. Айтуларынша, қандай шешім қабылданса да, халықтың пікірі ескерусіз қалмайды.
Берік Көшербай