Шымкентте ескі ғимараттың ішін бұзып жүрген үш адам қирандының астында қалып, мерт болды.
Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен құтқарушылар олардың мәйітін табу үшін кинологтардың қызметін пайдалануға мәжбүр болған. Қайтыс болған азаматтардың ересегі 54 жасар, екіншісі 29-да, ал үшіншісі жиырмадан енді асқан. Құтқарушылардың айтуынша, олар «Ордабасы» индустриалды аймағындағы ескі шина зауытына қарасты ғимараттың бетонын бұзып, темірін алмақшы болған. Ең алдымен жоғары қабатта тұрып, шатырдың тіреулерін қырыққан. Артынша, көлденең тасталған қалың темірлерді шетінен ала бастаған. Тіреуі әлсіз шатыр сол заматта опырылып құлап, астында қалған үш азамат тіл тартпай кетті.
Орынбасар Төртбаев, Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының басшысы:
Бірінші мәйітті біздің құтқарушылар шығарады. Кейін иттің көмегімен қалған екеуін тауып шығардық. Алдын ала болжам бойынша, азаматтардың бірі сол жерде қарауыл болып жұмыс істеген деген мәлімет бар.
Ғани Қалмаханов