Елордада қазір 5 медициналық мекеме екпе салып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада қазір 5 медициналық мекеме екпе салып жатыр

14.02.2021

Енді еліміздегі вакциналау жұмысына тоқталсақ. Абырой болғанда Қазақстанда вакцина бар, жеткілікті. Бірі ресейлік «Спутник V», екіншісі отандық «QazCovid-in» екенін өткен аптада айтқанбыз. Соңғысы әзірге клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің 180 күндік талабын орындаған жоқ. Жоспар бойынша сәуірдің соңында сынақ та аяқталуы тиіс.

Ал Ресейден әкелінген вакцинаның алғашқы 22 мың доза партиясының 13 мыңы медицина қызметкерлеріне салынды. Әзірге  кері әсер ету дерегі анықталған жоқ. Вакциналау ең қарқынды жүріп жатқан елордада қазір 5 медициналық мекеме екпе салып жатыр. Жақын арада олардың санын 36-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қарқын күшейтіледі. Себебі Қарағандыдағы ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт ақпан айының соңында қосымша 90 мың доза вакцина шығарады деп мәлімденді. Алайда сан көбейгенмен сан қуалауға жол берілмейді. Вакциналау ерікті түрде жүреді. Осы аптада ресейлік вакцинаның елімізде ресми түрде тіркелгені белгілі болды. Осылайша вакцинадан бас тартудың бір сылтауы азайды. Мамандар сондай-ақ «вакцина салдырғанша ауырып тұрған дұрыс» деген пікірге қатысты жауап берді.


Хабарламаларға жазылу