Пара үшін барынан айырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сот саласындағы былықтарды тізбектеп, жемқор қазыларды жүйеден тазартуды тапсырды. Тек заң үстемдігіне үлгі бола алатын кәсіби кадрлармен ғана қамтылуы керек. Ал, процесстердің ашық әрі әділ өтуі үшін ІТ технологияларды енгізу керектігін айтты.
Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің? Туралық күткен қазылардың өзі тура жолдан тайды. Кешелі бері сыбайлас судьялардың әрекеті қоғамды дүр сілкіндірді. Жайлы орынды көксеген заң қызметкері «көкесінен» көмек күткен. Пара алғаны – Жоғарғы соттың, бергені – аудандық соттың судьясы. Олардың былығын Президент барып тұрған бассыздық деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқиға қоғамды теңселтіп тастады. Осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығару керек.
Жемқорлық - барлық салаға батпандап кірген індет. Соңғы бес жылда коррупциямен фемиданың 17 өкілі жазаға тартылды. Қатарында Түркістанда алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясы бар. Бұдан бөлек теріс іс-әрекеттері үшін 29 судья қызметінен қуылды. Мұның бәрі сенімге селкеу түсіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл үдерісті тоқтатуға болмайды. Біз теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс.
Судьялар бизнес пен инвесторлардың құқықтарын да қатар қорғауға тиіс. Сол үшін сот рәсімдері заман талабына сай болуы қажет. Президент ол үшін алдымен сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жоюды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет.
Сот залында қай кезде болмасын таразы басында адам тағдыры тұрады. Президент осыны ұмытпауды ескертті. Биыл 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгеруі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Азаматтар кімнің және қандай еңбегі үшін судья болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғары сот кеңесінің маңызды міндеті. Судья мамандығына мықты заңгерлер тартылуы шарт.
Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен тең. Осылай деген Президент мәселені заңнамалық тұрғыдан шұғыл рәсімдеуді тапсырды.
Рүстем Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:Мемлекеттік аппарат әдейі сондай шырғалаңға матап отыр. Қарсы тарап бірді екілі жағдайда ғана жеңіске жетеді. Осылайша, жергілікті жерден бастап, жоғары сотқа дейін шағымдануға тура келеді. Ортада шығындалатын тағы кәсіпкерлер.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет.
Сот құзыреті алдағы уақытта аумақпен шектелмеуі мүмкін. Жоғарғы соттың ұсынысын Президент құптады. Қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Бірақ бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқастынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті.
Сот жүйесі жасанды интеллектің игілігіне жүгінуі керек. Бірақ, байыппен шешім шығарған дұрыс. Себебі жасанды интеллект істі тек болжай алады. Ал дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателікке тап болуы мүмкін. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасады. Өйткені, бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі өзгерістер күтіп отыр. Президенттің түйін сөзі осы.
Асима Нұрбайқызы