Егер коронавирустың симптомсыз түрімен ауырсаңыз, және оны өзіңіз нақты білмей екпе алсаңыз алаңдаудың қажеті жоқ. Керісінше, адамның вирусқа қарсы иммунитеті нығая түседі. Бүгін баспасөз алаңында екпенің маңызына тоқталған сала мамандары антидене бола тұра екпе алғаннан қорықпау керектігін айтты. Ал вирустың жұғу қаупі жоғары адамдар ауру өршіген кезеңде екпе салдырмағаны жөн. Егер дерті бәсеңдеп, жағдайы қалыпты болса, дәрігер нұсқауымен екпе алса болады. Ресейде вич-инфекциясын жұқтырғандарға да екпе салынған. Асқыну белгілері байқалмаған. Ал вакцина салдырғанша коронавируспен ауырғаным дұрыс деп пікір білдірген көпшілікке дәрігер мынадай жауап берді.
Ләззат Ералиева, медицина ғылымдарының докторы, профессор:Ковидпен ауырып, дерттен айығуыңыз мүмкін. Бірақ вирустың салдарынан басқа аурулардың пайда болып жатқанын ескеріңіздер. Қазір зерттеулер көрсеткендей, ковидтен кейін науқастар онкологиялық аурулар, жүйке жүйесі мен қан қысымы дерті, ұйқысыздық, әлсіздік сияқты қосымша аурулардың зардабын көріп отыр. Сондықтан алып-қашпа әңгімелерден гөрі, халықаралық, отандық сарапшылардың ресми мәліметіне сеніңіздер.
Елордада 1600-ден аса маман екпе салдырды. Жағдайлары қалыпты. Дәрігерлер екпеден соң бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, екпе орнының ауырсынуы, жүрек айну сияқты белгілер қалыпты деп отыр. Бірінші дозадан кейін, адам ауырып қалған жағдайда екпенің екінші мөлшері салынбайды. Халықты жаппай вакцинациялау басталған кезде, қосымша екпе кабинеттері ашылады. Адамдар көп топтаспау үшін әр учаске бойынша, арнайы кесте құрылады. Вакцина сақтайтын орындар әр емханада әзірленген. Егер сақтау режимі бұзылса, екпенің құрамындағы дәрумендердің күші жойылады, адам ағзасына зияны жоқ дейді, мамандар.
Раушан Сайлауқызы