Жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер беріледі - Мамин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер беріледі - Мамин

12.02.2021

Алдағы 5 жылда 977 мыңдай отбасын баспанамен қамту көзделген. Ал апаттық және үш аусымда оқитын мектептердің мәселесін шешу үшін 800 жаңа мектеп салынбақ. Ол үшін Елбасы тапсырмасымен 2025 жылға дейінгі жұмыстардың жол картасы әзірленген. Бүгін «Nur Otan» партиясы парламенттегі фракциясының отырысында осы жайттар айтылды. 

Жол картасын таныстырған Үкімет басшысы Асқар Мамин барлығы 362 іс шараны жүзеге асыру жоспарланған айтты. Жұмыстар 4 бағыт бойынша жүргізіледі. «Баршаға тең мүмкіндіктер», «Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт», «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы», «Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар». Әр саладағы дамуды қамтамасыз ету үшін жұмысты жүйелі жүргізе алатын білікті маман керек. Ол үшін қазір нарықта тапшы мамандықтар бойынша колледждерде білім беруді тегін қылу жоспарланып отыр. Ал білімнің сапасын арттыру үшін студенттердің шәкіртақысы мен мұғалімдердің жалақысын көтеру қолға алынған. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: 
Педагогтардың жалақысы 2023 жылға қарай 2 есе 330 мың теңгеге артады. Орташа жалақы жыл сайын кемінде 25 пайыз өседі. Жұмыс істейтін жастар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер берілетін болады.

Мектептердің жетіспеуі мәселесін шешу жолдары да жаңа құжатта толық қамтылған.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Таяудағы 5 жылда 800 жаңа мектеп салу есебінен апаттық және үш аусымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешу қарастырылып отыр. Бұдан өзге бірыңғай білім беретін онлайн платформа енгізіліп, ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетке қосу, балалар үйірмесін ашу жалпы жаратылыстану кабинеттерін ашу арқылы ауыл мен қала мектептеріндегі білім саласындағы алшақтықты қысқарту қолға алынды. 

Алдағы 5 жылда өңірлердің дамуына де ерекше назар аударылады. Ел бойынша 3,5 мыңнан астам ауыл-аймақты жаңғырту жоспарда бар. Жалпы халық саны 900 мыңнан асатын 246 ауылға газ тартылып, 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 60 пайызға жетеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін жаңа жерлерді игеру де көзделіп отыр. 

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тартудың және нысандарын әзірлеу сондай-ақ 70 мыңға жуық отбасылық шаруашылық құру жолымен жалпы алаңы 2,2 млн гектарға жеткізе отырып, 600 мың гектар суармалы жерлерді игеру жоспарланып отыр. 

Үкімет республикалық жолдарды реконструкциялау және жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Мұнымен қоса 2025 жылға дейін әрбір ауылдың жергілікті жолдары 95 пайызға жөнделмек. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
Бұл «Жол картасы» – әрбір облысты, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Және алға қойған міндеттерді, ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі, онда партиямыздың Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе, әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты шаралары көрсетілді. Енді осы «Жол картасын» Мәжілістің «Nur Otan» фракциясы қатаң бақылауға алатын болады.  

Жаңа құжатта зейнетақы, жәрдемақы төлеу, ауыл-аймақтарды сапалы интернетпен қамту, цифрландыру сияқты маңызды салалар толық қамтылған. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші: 
Жол картасында көрсетілген жұмыстардың жүзеге асырылуын Парламенттегі салалық комитеттер өз бақылауында ұстайтын болды. Тіпті әр бағытқа қатысты бақылау жүргізетін нақты депутаттар да бектіліп қойған. Жалпы Парламенттегі Нұротандықтар жол картасындағы жұмыстарды толық қолдайтындарын және олардың жүзеге асырылуы үшін елімізде барлық мүмкіндіктердің бар екендігін айтты. 

Оңғар Алпысбайұлы 

Хабарламаларға жазылу