Қызылорда облысында Мұстафа Шоқай ескерткіші тұратын орын бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында Мұстафа Шоқай ескерткіші тұратын орын бос тұр

12.02.2021

Қызылорда облысы Мұстафа Шоқай ауылдық округінде былтыр Алаш қайраткерінің 130 жылдығына жаңа аллея салынды. Алайда, содан бері демалыс орнында тарихи тұлғаның ескерткіші тұратын орын бос тұр. 

Күре жолдың бойындағы аллея алыстан қарап-ақ көзге оғаш көрінеді. Кіреберіс маңдайшасына Мұстафа Шоқайдың есімі жазылғаннан басқа, көрнекі түк жоқ. Ал төрдегі мәрмар таста ескерткіштің орны бос тұр. Осы нысанды салуға мемлекеттен 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ең сорақысы - Алаш қайраткерінің мүсінін жасау жобаға енбей қалған. 

Әділбек Серікұлы, тілші: 
Мұстафа Шоқай аллеясында қаралмаған ескерткішті ұрпақтары қаладан тауып, аллеяның төріне орнатқан. Бірақ, құжаты жоқ деген сылтаумен алынып тасталып, Алаш ардақтысының мүсіні қазір ұрпағының шаңырағында есік алдында шаң басып тұр.

Еркінбай Ерғалиев - Шоқайдан тараған бесінші буын. Осы елді мекеннің тұрғыны. Жергілікті атқамінерлер ескермеген ескерткішті ауыл әкіміне айтып, өз күштерімен демалыс орнына әкеліп орнатыпты. Алайда, ұлт зиялысының бюсті ұзақ тұрмаған. Заңға сәйкес емес деп, мүсінді алдырып тастаған.  

Еркінбай Ерғалиев, М.Шоқайдың туысы: 
Аудан әкімдігі алынсын деген. Болмағанан кейін жаратпағасын, құжаты жоқ деген соң әкеліп қойдым есігімнің алдыма. Бабамның дүниесін далаға тастамаймын ғой. 

Енді күллі түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азаматтың мүсінін жасатуға биыл қайтадан ұсыныс берілді, дейді ауыл әкімі. 

Кәжденбек Маматов,Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі: 
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы қазір жұмыстар жасалып жатыр. Олар ескерткіштің бірінші проектісіне қаржы сұрайды. Әрі қарай жұмыстар жасалады.

Ал ескерткіш ұмытылып кететіндей жоба аяқ-астынан асығыс жасалмаған. Мұстафа Шоқай аллеясының эскизін осыдан төрт жыл бұрын аудандық құрылыс бөлімі әзірлеген. Нысан былтыр жобаға сәйкес қабылданып та қойған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу