AsiaCredit Bank лицензиясынан айырылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

AsiaCredit Bank лицензиясынан айырылып отыр

12.02.2021

Елімізде тағы бір екінші деңгейлі банк жұмысын тоқтатты. Бұл жолы AsiaCredit Bank-і лицензиясынан айырылып отыр. Қаржы ұйымы төлем мен аударма операциялары бойынша талаптарды орындамаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше енді аталған банк бағалы қағаздар нарығындағы қызметті және өзге де операцияларды жүргізе алмайды. Ал, жиған-тергенін банкке салған салымшылардың қаржысына кепілдік берілген бе? 

Екі жылдан бері қадағалау ұйымы AsiaCredit Bank-не бірнеше мәрте ескерту жасапты. Тіпті, әкімшілік құқық-бұзу туралы 70-тен аса хаттама толтырған. Ескертуді елемеген соң лицензиясынан айыруға тура келген. Банк активтерінің басым бөлігі несиеге тиесілі. 

Дәурен Нисинбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөлім басшысы:
Қазіргі таңда банк активтері 45,4 миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде 45 млдр теңге несие портфелі болып табылады. Несиелік портфелдің 70 пайызы қайтарымсыз несиелерге тиесілі. 

Алина - AsiaCredit Bank-нің салымшысы. Екі жылдан бері жолдасы екеуі жиған-тергенін депозитке салған. Енді ақшамызда ала алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. 

Алина Иманғалиева, банк салымшысы:
Менеджерлар ештеңе білмейді. Қашан ақша берілетіні туралы нақты жауап жоқ. 

Депозиттерге кепілдік беру қоры азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ дейді. Себебі, салымшылардың қаражатына мемлекет кепілдік береді. Жеке тұлғалардың жинағы 15 миллион теңгеден аспаса, қаржысын ала алады. Ал шетел валютасындағы депозиттің шекті сомасы - 5 миллион теңге.  

Әділ Утембаев, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» төрағасы:
Біздің қорымыз депозитке ақша жинаған салымшылардың қаржысын қайтарады. Тек шекті сомадан аспауы тиіс. Ал депозиттегі сомасы белгіленген межеден асып кеткендер банктің тарату комиссиясына өтініш бере алады. Бұл қаржы ұйымын тарату туралы сот шешімі шыққан соң ғана мүмкін болмақ. 

Соңғы бес жылда республика бойынша алты бірдей банк лицензиясынан айырылды. Депозиттерге кепілдік беру қоры қаржы ұйымдарындағы 320 мың салымшының 76 миллиард теңгесін қайтарып берген.

Қуан Нұрақын, тілші:
Ал AsiaCredit Bank-інде 23 мың салымшының депозитінде 19 миллиард теңгеден аса қаражаты сақтаулы. Депозитке кепілдік беру қоры олардың бір тиынын да қалдырмай өтеп береді. Қор өкілдері қай банк арқылы алуға болатынын қосымша хабарлаймыз деп отыр.  


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу