Жамбыл облысында жайылым жерлердің есебі қайта қаралып жатыр. Қазірдің өзінде Талас ауданында ауыл іргесінен жер алған бірқатар шаруашылықтар шалғайға қоныстануға келісім берген. Әйтпегенде, жайылымнан таршылық көрген тұрғындарға азын аулақ малды қораға қамап ұстаудан басқа амал қалмаған.
Аққұм ауылының тұрғындары қорадағы малын былтырдан бері алысқа ұзатып жая алмай отыр. Өйткені құмды ауылдың теріскейі орман шаруашылығының иелігінде болса ауылдың айналысындағы жер телімдерін ірі шаруа қожалықтары жалға алған. Қоршауда қалған ауыл тұрғындарына төрт-түлікті қыстан аман алып шығу уайым болды.
Қоңқабай Әбдіразақов, Аққұм ауылының тұрғыны:
-Әкімдіктің есебіне алса, бізге кішкене жайылым болар еді. Биыл енді сиырды ана жерге айдап қойдық, жантақтың басын кеміріп тұр.
Орман шаруашылығында талай жыл еңбек еткен Пәрімбек Бейсенов орман алқаптарының біразына төрт түлікті жаюға рұқсат берсе дейді. Өйткені мал жайылмаған алқаптар жиі өртенетін көрінеді.
Пәрімбек Бейсенов, Аққұм ауылының тұрғыны:
Орман шаруашылығының есебінен соларға төленетін алымдарды төлеп отырып пайдалануға мүкіндік жасаса мұның өзі көмек.
Талас ауданындағы бес ауылдың ортақ проблемасы осы. Жайылым жоқ. Жергілікті әкімдік мал өрісін ескермей жалға берілген жерлерді қайта қарауға кіріскен.
Аққұм ауылы маңындағы жерді иемденген 5 шаруашылықтың төртеуі ауылдан алысырақ қоныстануға келісім берген. Сондай-ақ, орман шаруашылығына өтіп кеткен 420 мың гектар жерді елді мекеннің меншігіне қайтару үшін министрлікке хат жолданды. Осылайша қорадағы малын ауласынан асыра алмай отырған тұрғындардың жайылым мәселесі бірінші жарты жылдықта толық шешіледі дейді жергілікті атқамінерлер.
Сәбит Әлдебай