Павлодар облысында қазақтың ақбас сиырларын асылдандырудың тың әдісі қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында қазақтың ақбас сиырларын асылдандырудың тың әдісі қолға алынды

11.02.2021

Павлодар облысында қазақы ақбас малдың аталық тұқымын асылдандырудың тың әдісі қолға алынды. Ерекшелігі сол, бұқалардың бұрынғыдай етті болуы мен қатар аналық малдарды ұрықтандыру қабілетін барынша көтеруге басымдылық беріледі. Бұл мақсатқа бұрын-соңды болмаған сандық жаңа технологиялар қолданылуда.

Болат Аманбаев, тілші:
Халқымызда «мал астынан ариды»-деген ұғым бар. Көріп отырсыздар мына тайынша, торпақ ақ қардың үстінде жайылады. Астары жылы болсын-деп шөп төсеу былай тұрсын, қылтанақ түсірмейді. Бұл сынақ станциясындағы басты ереже.

Себебі, мұндағы Зеңгі баба тұқымы арнайы астаудан ғана азықтануы керек. Ондағы жем, шөптің энергетикалық қуаттылығы мол. Протеин, минералдық және дәрумендік сапасы жоғары. Тойып алған мал тоңбайды.

Александр Касицын, шаруашылық басшысы:
Бұл 1-ші категориялы бұқалар. ДНК-сы арқылы асыл тұқым екендіктері дәлелденген. Бірақ біз бордақылау арқылы солардың арасынан ең мықтыларын ажыратамыз. Яғни, жылдам салмақ қосып, ұрық өндіріп беру қабілеті жоғарылары анықталады.

Жануардың бойындағы барлық өзгеріс бірден компьютерге түседі. Себебі, азық салынған оттықтың астына мәлімет жинақтайтын датчиктер орнатылған. Сол арқылы бұқаның құлағына салынған чиптегі номерінен бастап, жемсауына түскен ас- судың әр грамына дейін орталық базада көрініп тұрады.

Әлішер Есілбаев, шаруашылықтың зоотехнигі:
Барлық мәлімет осы жерге жинақталады. Міне азық салынған 8 оттықты көріп отырмыз. Онда қанша жем-шөп қалғаны мәлім. Рацион бойынша қай бұқа қанша жегені, қандай салмақ қосқаны бәрі автоматты түрде анықталады. Мәліметтердің барлығы «Ақбас» тұқымының республикалық палатасына да түседі.

Қазір 62 бұқа тестік режим бойынша сынақтан өтіп жатыр. Олар бұл жерде 59 күн тұрады. Қоң жинау, ұрық өндіру қабілетімен қатар суыққа төзімділігі де сыналады.

Болат Аманбаев, тілші:
Осы шаруашылықтағы 5 мың ірі қараның тең жартысы «Симменталь» тұқымды сүтті сиыр. Олардың сауынына 5-ақ адам қатысады екен. Негізгі жұмыс компьютер арқылы атқарылады.

Ал, басқа 65 жұмыскер етті ірі қараны бағады. Қазақы ақбас аталығын асылдандыру бойынша сандық технологияны енгізу жаңашылдықтың басы ғана. Шаруашылық алдағы уақытта «Электронды бақташы» бағдарламасында игеруді жоспарлап отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу