Шымкентте ойын-сауық орталығы мен сауда орны өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ойын-сауық орталығы мен сауда орны өртенді

29.01.2018

Шымкентте тапа-тал түсте алапат өрт болып, шаһар орталығында орналасқан ойын-сауық және сауда орындары жанып кетті. Ойынханадан тұтанған жалын іргесінде тұрған тойхана, азық-түлік дүкенін әп-сәтте күлге айналдырды. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары жалыны көкке шапшыған отты жарты сағат дегенде әрең өшірді.

Өрт түс ауа сағат 3-тен кете басталған. Компьютер ойынханасынан шыққан жалын бірден күшейіп кетті. Іле-шала іргедегі азық-түлік дүкенін шарпып, одан желдің екпінімен тойханаға лап қойды. Пластикалық құрылыс материалдары лапылдап жанып, әйнектер шытынап жарыла бастады.

Компьютер орталығының ішінде сол сәтте бірнеше бала ойнап отырған. Күн әдеттегіден суық болғандықтан, ғимарат ішінде қосымша электр пештері қосулы тұрған. Нысан қожайындарының болжамынша, өрттің себебі де сол. Электр желілері шектен тыс ауырлықты көтере алмағандықтан, сымдарда қысқа тұйықталу болуы мүмкін.   

Сәрсен Тағаев, ойын-сауық және сауда орталығының иесі:

- Электр қуаты тұйықталған. Содан бірден өрт пайда болған. Іштегі балалардың бәрі шыққан. Сөйтіп, өрт сөндірушілерді шақырған. Олар жарты сағатта келгенде, мына жақ өртеніп жатты. Ішінен ешнәрсе шығара алмадық.

Өртті сөндіруге 11 техника мен 81 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың көмегімен іргедегі көпқабатты үйдің 18 тұрғыны сыртқа шығарылды. Жарақат алған ешкім жоқ. Адамдар аман.

Нұрдәулет Молданиязов, облыстық ТЖД бас маманы:

- Өрттің салдарынан 545 шаршы метр құрайтын жер толығымен өртенген. Өрт оқиғасынан қаза тауып, жарақат алғандар жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, тілсіз жауды жылдам ауыздықтауға және апаттан біраз жерді аман алып қалуға мүмкіндік болған. Алайда, жолдың шетіне қаз-қатар қойылған жекеменшік автокөліктерден өрт сөндіру техникасы апат орнына жете алмай кідіріп қалған. Мамандар бүгін өрттің шығу себептерін анықтауға кірісті. Сондай-ақ, апаттан келген шығын есептелуде.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ 

Хабарламаларға жазылу