Атырау облысында мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін мәдениет саласының қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
«Атырау қаласында «Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы» КМҚК-ның қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 189-б. 4-б. 2-т. бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.
Аталған қызметкер қызмет бабын пайдалана отырып, жалпы құны 70,9 млн теңге болатын музыкалық аппраттарын иемденіп, ломбардқа өткізген және өз таныстарына төмен бағаға сатқан», - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 50,9 млн.теңгені құрайтын келтірілген мүліктік залалдың 70%-ы өтелген.
Атырау қаласы сотының үкімімен кәсіпорын қызметкері кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.