Көкшетауда көпқабатты 25 үй бір апта газсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда көпқабатты 25 үй бір апта газсыз отыр

10.02.2021

Көкшетауда көпқабатты 25 үй бір апта бойы газсыз отыр. Бұл - орталықтандырылған газ тарату қондырғыларына қосылған үйлер. Қаланы сұйық отынмен қамтамасыз ете алмай жатқан - «Газ-Қызмет» серіктестігі.

Газдың жоқтығына осымен бір апта. Сұйық отынның қашан берілетінін ешкім білмейді. Тұрғындар қайда хабарласса да, нақты жауап жоқ. Алтын Ыбыраева амалсыздан электр энергиясын пайдалануға көшті. Бірақ оның шығыны көп, - дейді зейнеткер.

Алтын Ыбыраева, қала тұрғыны:
-Даладан газ әкеліп қоюға қорқамыз, 5-6-ыншы этажға. Газ болмағанына 5-6 күн болып қалды.

Ал кей тұрғындар газ баллон қоюға мәжбүр. Қауіпті әрі заңға қайшы. Алайда басқа шара жоқ, - дейді олар.

Қамаш Нұрханова, қала тұрғыны:
-Бір апта болды, оның алдында ақырын-ақырын болды. Сосын тіптен жоқ.

Ермек Елберген, тілші:
-Қазір қаланы бірнеше компания көгілдір отынмен қамтып отыр. Солардың ішінде «Газ-Қызмет» серіктестігіне қарасты 13 газгольдер жартылай бос тұр. Ал қондырғының түбінде қалған сұйық отын аязда қатып қалған.

Мекеме өкілінің айтуынша, компанияға абоненттердің 35 пайызы - қарыз.

Марал Каркенова, «Газ-Қызмет» серіктестігі директорының кеңесшісі:
-Уақытылы төлем жасап отырғандарды түсінеміз. Бірақ құбыр ортақ. Қазір бізге тұрғындар 2 жарым миллион теңге берешек. Тағы бір мәселе - газдың сапасы нашар, сондықтан аязды күндері қатып қалады. Бүгін вагондар Новоишимка станциясында тұр. Ертең келеді. Қарыз төленген соң бірден газ тарату қондырғыларын толтырамыз.

Осылайша, ақысы төленсе, газ берілмек. Бірақ көкшеліктердің пікірінше, мұндай жағдай жиі болып тұрады, сондықтан серіктестік жұмысы бақылауға алынуы тиіс.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу