Монополистермен күрес күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Монополистермен күрес күшейтіледі

10.02.2021

Қазақстанда біршама қызмет түрлері мен тауарлар биржалық саудаға шығарылады. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті арттыруға бағытталып отыр. Ал, кейбір салаларда ірі монополистердің пайда болуынан осы бағытта жұмыс істеп жатқан шағын кәсіпкерлер құрып кетудің аз ақ алдында тұр. Бұл мәселені Президент көтеріп монополиямен күрес агенттігіне тапсырмалар жүктеген. Оның жүзеге асырылу барысы қалай?
Бүгінде 50 шақты салада ірі монополистердің қалыптасқанын Президенттің өзі айтты. Мәселен, газ тарату бағытында айтарлықтай проблема бар. Әсіресе батыс өңірлерде ірі монополистер шағын кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей тұр.

Алтынай Мұқанова, Ақтөбе облысы бойынша сұйытылған газды жеткізу ассоциациясының төрайымы:
-Қазір шағын жанармай құю бекеттері мүлде жұмыс істей алмайды. Жаз айларында сұраныс өскен кезде олар газды өздері де сатып ала алмайды. Құр босқа тұрып қалады. Сондықтан ірі компаниялар газ құю бекеттерін жалға алып, өздерінің газдарын өздері сатады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәселені шешудің жолын ұсынып отыр. Олар газ сатуды биржалық саудаға өткізбек. Яғни кез келген кәсіпкер делдалсыз өндірушімен тікелей жұмыс істей алады. Бұл көлеңкелі экономиканы ығыстырып, шынайы бағаның қалыптасуына жол ашады дейді олар.
Рустам Ахметов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
-Биржалық саудаға өту ең бастысы өндірушілер үшін аса тиімді. Олар өнімдерін өздеріне тиімді бағамен сата алады. Сосын кез келген кәсіпкер нарыққа еніп, жұмыс істей алады. Сәйкесінше бәсекелестікті арттырады. Яғни бұл шара кәсіпкерлерді қолдау арқылы мемлекет экономикасына да оң әсерін береді.
Қазір дәл осындай монополистердің қалыптасуынан сұйытылған отын, көлік, байланыс және коммуникация салаларының дамуы тежеліп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң монополияға қарсы агенттік ұлттық жоспар әзірледі. Ол наурыз айында таныстырылып, жұмыс істей бастайды.

Оңғар Алпысбайұлы



Хабарламаларға жазылу