Елімізде мүлікті жария ету науқаны қызу жүріп жатыр. Бір айдан астам уақыт ішінде 115 мыңдай мемлекеттік қызметкер мен жұбайлары табыс декларациясын тапсырып үлгерді. Олар еліміздегі активтерінен бөлек, шетелдегі дүние мүлкі мен ақшасы болса, соны көрсетуі тиіс. Жасырғандарға жаза бар. Оның үстіне офшордағы ақшаны қайтару бойынша елімізде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Мүлікті жария ету басталғалы салық органдарының жұмысы қыза түсті. Осындағы өз-өзіне қызмет көрсету орталықтарына келіп, декларация тапсырып жүрген мемлекеттік қызметкерлер көп. Жандос Түлегенов солардың бірі.
Жандос Түлегенов, мемлекеттік қызметкер:-Шетелде егерде мүлік, жер немесе автокөлік пен өзге техника болса немесе 1000 АЕК-тен жоғары ақшалай қорлары болса, соларды көрсету қажет.
Декларацияны салық төлеуші кабинетінде және егов порталында онлайн тапсыруға болады. Ол үшін қыркүйектің 15-іне дейін уақыт бар. Үлгермегендер ескерту алып, айыппұл арқалайды. Ал мүлкін жасырғандарға жаза қатаң. Әзірге 115 мыңдай адам декларация тапсырып үлгерді. Олар мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайлары.
Мүлікті жариялау төрт кезеңнен тұратынын ескерсек, бірінші болып солар тапсырады. Ал 2023 жылдан мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, 2024 жылдан кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, ал 2025-те қалған азаматтар тапсыруы тиіс.
Бұл салықтық түсімдерді арттырып, көлеңкелі экономиканың жолын кеседі. Әрі осы мақсатта қазақстандықтардың шетелдегі ақшасы мен дүние мүлкін іздеу қызу жүріп жатыр. Салықтан жалтаратын олигархтар мен жегенін жасырғысы келетін шенеуніктер капиталын офшорға тығуға әуес. Былтырдың өзінде біраз азаматтың шетелдік шоттарына миллиардтардың аударылғаны анықталған.
Марат Сұлтанғазиев, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:-Банктермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. 164 жеке тұлғаның шетелдік шоттары жайында мәлімет бар. Барлығы 45 миилиард теңге аударылған. Кейбірі заңды, кейбірі заңсыз. Біз олардан 68 миллин теңге салық өндірдік.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше Қазақстаннан соңғы 20 жыл ішінде 140 миллион доллар шығарылған. Есепке алынбай, көлеңкеде қалғаны қаншама? Бұның алдын алып, жемқорлыққа жол бермеу үшін лауазымды шенеуніктерге, депутаттар мен судьяларға шетел банктерінен есеп шот ашуға заңмен тыйым салынғаны белгілі.
Досжан Маратұлы, тілші:-Оның үстіне Ұлттық банк пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасында маңызды конвенцияға қол қойылды. Енді осы ұйымға мүше ондаған ел өз азаматтарының шетелдік шоттары мен дүние-мүлкі жайында ақпарат алмасуды бастайды. Сөйтіп жасырғанын әшкере етіп, жемқорлықпен күреспек. Сол үшін Мемлекеттік кірістер комитеті ауыруын жасырғанның күйін кешкенше, мүлкін жария етіп, салық төлеуге шақырып отыр.
Досжан Маратұлы