Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қытайға сапарында COVID-19 эпидемиясының басталу себебін анықтай алмады. Дегенмен, халықаралық зерттеушілердің бірі – Петер бен Эмбарек «ковид» инфекциясы зертханадан шығып кетті деген болжамды жоққа шығарып, оның тарауына жарқанаттар басты себеп болуы мүмкін деп мәлімдеді. Және де ол эпидемияның шығу тегін анықтау үшін базардағы мұздатылған өнімдерді де тексеру керектігін атап өтті.
Петер Бен Эмбарек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы:-Тағы бір жайтқа тоқталсақ, базарда мұздатылған, қатырылған жануарлардың өнімдері саудаланды. Мәселен, сол жануарлар фермада немесе өзге бір жерде уланып, базарға вирусты тоңазытылған күйінде жеткізуі мүмкін. Мұны зерттеу қажет. Әзірге ештеңе білмейміз.
Францияда ертең 117 жасқа толатын әйел коронавирустан аман қалды. Еуропаның ең қарт адамы Люсиль Рэндонға COVID-19 диагнозы қаңтардың 16-да қойылған. Қауіпті инфекцияның симптомсыз түрін жұқтырған монахиня содан кейін өзгелерден моқшауланды. «Өлуден қорықпағандықтан, вирустан да қорықпадым», - дейді Рэндон.
Ал, Жапонияда халықты вакциналау науқаны келесі аптаның ортасында басталады. Мұны бүгін осы елдің премьер-министрі Ёсихидэ Суга үкімет отырысында мәлімдеді.
Айта кетсек, бұған дейін Жапония өзінің 126 миллион тұрғыны үшін «Файзер», «Модерна», «Астра-Зенека» вакциналарының 314 миллион данасына тапсырыс берген.
«Рейтердің» мәліметінше, бүгін планета бойынша «ковид» жұқтырғандар 107 миллионға, ал одан қайтыс болғандар 2 миллион 340 мыңға жақындап қалды.
Арыстан Рысбек