Шығыс Қазақстанда дәрігерлер өтемақысыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда дәрігерлер өтемақысыз қалды

09.02.2021

Шығыс Қазақстанда жұмыста жүріп коронавирус жұқтырып алған дәрігерлер өтемақы ала алмай қалды. Катон-Қарағай ауданындағы №2 аурухананың 30-дан астам қызметкері бұған басшыларын кінәлап отыр. Ал олардың өз уәжі бар.

Дәрігерлердің қауіпті вирусты жұмыста жүріп жұқтырғандары туралы барлық дәлелі бар. Өткен жылдың сәуір айынан бері аудандағы бүкіл науқастар осы ауруханада емделген. Антына адал ақ халаттылар күні-түні жұмыста болса да, Үкімет уәде еткен өтемақыны ақыры ала алмаған.

Гауһар Шайзадина, медбике:
-ПТР тест тапсырғанда менде нәтиже оң болып шықты. КТ-ға жіберді, өкпемнің 40 проценті зақымданған деді. Мен 2 миллион теңгені алуғы тиіс болғам, себебі түскен бүкіл науқастармен тікелей жұмыс істедім. Құжатымызды жинап алды, ары қарай кетті деді. Анықталғандай, ол құжаттар Үлкен-Нарын ауылында жатыпты.

Жазда аурухананың 50 қызметкері ауырып қалды. Бірақ олардың ішінен тек 9 адамға 2 млн теңгеден өтемақы төленген. Ал қалғандарына айлыққа қосымша үстемеақы да бұйырмаған.

Эльмира Рафхатқызы, медбике:
-Бір рет қана өз басыма 19 мың теңге берілді. Фильтр деп, ал біздің бөлімше ондай ға жатпайды, өйткені бізде науқастар емделетін бөлімше болғандықтан.

Ал аурухана басшылығы өтемақының берілмеуіне ПТР тест қорытындысының кешігуі себеп дейді.

Арқабек Кәдірбаев, Катонқарағай аудандық №2 аурухананың бас дәрігері:
-Зертхана кешіктіріп бергеннен кейін құжатты уақытында толтыра алмадық. Екінші себебі, қазан айының жиырмасында медицина қызметкерлеріне осы өтемақыны тоқтату туралы қаулы шықты. Содан кейін ол құжаттар кірмей қалды да біздің қызметкерлер ала алмай қалды.

Жалпы, өңірде қауіпті инфекцияны жұқтырып, өтемақысыз қалған дәрігерлерден жекелеген шағымдар әлі де бар. Облыстық басқарма бұл мәселеге қатысты сұрақтарды сол кезде жұмыс істеген өңірлік комиссияға я болмаса денсаулық сақтау министрлігіне жолдауға кеңес беріп отыр.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу