Бірнеше облыста қолайсыз ауа райы әлі де сақталуда. Кешеден бері бірқатар республикалық маңызды жолдар жабық. Дегенмен сапарлап шығып, қар құрсауында қалып қойғандар бар.
Ақмола облысында 30 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың көбі - Нұр-Сұлтан-Ерейментау тас жолында қалғандар. Облыс бойынша 94 адам жылыту бекеттеріне орналастырылды. Қазір аймақтағы бірнеше республикалық және облыстық маңыздағы жол учаскелері жабық. Щучье-Нұр-Сұлтан тас жолының ашылуын күтіп кешеден бері шамамен 200 көлік жолда тұр.
Нарен Мардан, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:-Кешеден бері жол жабық, жібермей жатыр. Ауа райы жақсы. 1 күн болды тұрғанымызға, үйге қайта алмай жатырмыз.
Шығыс Қазақстанда қатты боран салдарынан жолда қалған 60 адам құтқарылды. Өткен түнде «Семей – Мақаншы» бағыты бойынша бара жатқан екі автобустағы жолаушылар Аягөз қаласындағы спорт мектебіне жеткізілген. Күршім ауданында да қар құрсауында қалған екі жеңіл автокөлік жолаушыларына көмек көрсетілді. Сондай-ақ, бүгін Семей қаласында, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында оқушылар қашықтан білім алуға ауысты.