Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында 10 оқушы коронавирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында 10 оқушы коронавирус жұқтырған

09.02.2021

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында 10 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Соған байланысты 3 мектеп карантинге жабылды. Балалар індеттің симптомсыз, жеңіл түрімен ауырғандықтан, үйлеріне оқшауланды. Ақтау қаласында да 3 балабақшадан ауру ошағы табылды. Қауіпті инфекцияға шалдыққан мұғалім мен тәрбиешілер анықталып, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы уақытша тоқтады. 

Ал Батыс Қазақстан облысында жаңа қаулы шығып, карантин талаптары жеңілдеді. Театр, мәдени нысандардың жұмысына рұқсат берілді. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты да ұзарып, таңғы жетіден түнгі он екіге дейін қызмет көрсете алады. Бастысы, санитарлық талап қатаң сақталуы шарт. 

Қостанайда ертеңнен бастап 300-ге дейін оқушысы бар ауыл және қала мектептерінде сабақты қалыпты жағдайда өткізуге рұқсат берілді. Талап бойынша әр сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар білім беру мекемелеріндегі тамақтану орындары да жұмыс істей бастайды. 

Алматы облысында 11 қаңтардан бастап Жоғары және арнаулы орта білім беру орындарында 70 пайыз штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан оқуға рұқсат берілді. Кинотеатр мен театрлардағы залдың 30 пайызын ғана көрермен толтыруға болады. Сондай ақ қысқы туризм және демалыс нысандары жұмыс істейтін болды.

Хабарламаларға жазылу