Қостанайда қала ішінде жүретін 25 автобус жолға шықпады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда қала ішінде жүретін 25 автобус жолға шықпады

08.02.2021

Қостанайда бүгін қала ішінде жүретін 25 автобус жолға шықпады. Бірқатар жүргізушілер 9-ақпаннан бастап енгізілетін жаңа төлем жүйесіне қарсылығын осылай білдірді. Себебі валидаторлар дұрыс жұмыс істемейді. Автобустарда кондуктор болмағандықтан электронды төлемді қадағалау - жүргізушіге қосымша міндет. Бұл қозғалыс қауіпсіздігіне де кесірін тигізеді. Ал валидаторлар автобустарға сынақ ретінде былтыр қараша айында орнатыла бастады.

Азамат Боранбаев, автобус жүргізушісі:
-Интернет істемей қалса валидаторды қайта қосқанда 10-20 адам жоғалып кетеді. Егер валидаторлардағы ақпаратқа сәйкес жалақы белгілесе, онда адамды аз көрсеткендіктен жалақы азаяды. Сол үшін біз қарсымыз.

Туындаған мәселені шешу үшін қала басшылары бүгін тасымалдаушы компания өкілдерімен кездесті. Олар электронды төлем жүргізудегі кемшіліктер біртіндеп жойылатынын жеткізді. Сондай-ақ жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелерді субсидиялау үшін қала бюджетінен 195 млн теңге бөлінбек. Ал наразылықты әрі қарай жалғастырып өз міндетін орындамаған мердігерге енді қатаң шара қолданылады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу