13 ақпаннан жүргізуші куәлігін алып жүру міндет емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

13 ақпаннан жүргізуші куәлігін алып жүру міндет емес

08.02.2021

Енді 5 күннен кейін азаматтар жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өздерімен алып жүрмесе де болады. Тиісті заңға Мемлекет басшысы 1-ақпанда қол қойған болатын. Құжат 13-ақпанда күшіне енеді. Жол сақшылары жүргізушінің жеке куәлігі арқылы барлық мәліметтерді электронды базадан тексере алады. Сәйкесінше, аталған құжаттар жаныңызда болмаса әкімшілік айыппұл салынбайды.

Елордалық жол сақшылары жаңа заң нормаларын жүзеге асыру үшін дайындықты осылай пысықтап жатыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кез келген жүргізушінің құжаттарын тексеруге толық мүмкіндік бар, - дейді олар.

Шыңғыс Әріпжанов, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша полиция департаментінің полк инспекторы:
-Ғаламтор ұстамаған жерде біз радиобайланыспен орталыққа шығамыз. Жақын жердегі бөлімшелерден мәлімет береді. Жүргізушілердің құжаттарын тексерген кезде бізге 3-5 минут уақыт керек.

Қазір патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінде 9 мыңға жуық планшет бар. Жол сақшысы оның көмегімен жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімін тексере алады. Сақтандыру полисін көруге де мүмкіндігі бар. Тіпті азаматтың криминалдық есепте бар-жоғы да осында жазылған.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
-Егер полиция қызметкері аталған құжаттарды талап ететін болса 102-ге немесе өзіндік қауіпсіздің бөлімшелеріне хабарласуларыңызға болады. Әкімшілік хаттамаға қатысты сотқа жүгінуге құқығыңыз бар. Бірақ, жаңа заң нормалары әрбір қызметкерге егжей-тегжей түсіндірілген. Сондықтан мұндай жағдай орын алмайды.

Автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігін енгізген елдер әзірге Грузия, Украина, Польша, Латвия және Литва. Енді олардың қатарына Қазақстан қосылды. Бірақ бұл аталған құжаттар азаматтарға берілмейді деген сөз емес. Олар шет елде жол жүруде, жұмысқа орналасу, көлікті сату сынды түрлі жағдайларда қажет болады. Айта кетерлігі, елімізде жылына шамамен 500 мыңдай жүргізуші куәлігі және 1,5 млн-ға жуық техпаспорт беріледі.

Дарын Сағитов, тілші:
-Өткен жылы еліміз бойынша 166 мыңнан астам жүргізуші куәліктерін үйлерінде ұмытып кеткен. Дегенмен, оның 95 пайызына жол сақшылары тек ескерту жасаған. Тағы бір айта кетерлігі, егер көлік шет елде тіркелсе немесе куәлікті азамат басқа елде алса, онда олар қос құжатты өздерімен алып жүруге міндетті.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу