Көктайғақтың салдарынан демалыс күндері жол апаты көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктайғақтың салдарынан демалыс күндері жол апаты көбейді

08.02.2021

Ақмола облысында 2 күнде 36 жол учаскесінде қозғалыс тоқтатылды. Ескертуді тыңдамай жолға шығып кеткендер де аз болмады. Ұйтқыған боранның салдарынан Щучье қаласы маңында 5 көлік соқтығысты.

Жол апатынан жеңіл көлік толығымен жанып кетті. Газельдің жартысы өртенді. Қалған машиналар да зақымданды. Адамдар аман. Жолаушылардың бірі жеңіл жарақат алды. Кей жерлерде желдің күші секундына 28-30 метрге дейін болды. Макинск қаласында Қазақстан теміржолы ғимаратының шатыры ұшып кетті.

Қанат Доспаев, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
-Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Щучье-Нұр-Сұлтан, Нұр-Сұлтан-Щучье және Атбасар-Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша 8 рет көліктерді ұйымдасқан түрде жеткізіп салдық. Барлығы 1668 көлік діттеген жерлеріне жеткізілді. Сондай-ақ, Целиноград ауданында қар құрсауында қалған 2 көлік шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылы мен Аққайың ауданында тұрып қалған бірнеше көлік қар құрсауынан шығарылды. Қатты желдің салдарынан Ғабит Мүсірепов ауданындағы Новоишимка ауылында жуырда ғана тұрғызылған хоккей кортына зақым келген.

Қарағанды облысында «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының бойында аударылған көліктің 3 жолаушысы құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Бүгін түнде Қарқаралы қаласынан 60 шақырым жерде 2 жеңіл көлік қар құрсауында қалған. 8 адам құтқарылды, 3-і бала. Облыста барлық бағыт бойынша жолдар жабық. Бекеттерде көліктер тоқтатылып, сапарлары кейінге қалдырылды.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу