Арыстанды ауылында жайылым жердің тең жартысы жекенің меншігіне өтіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстанды ауылында жайылым жердің тең жартысы жекенің меншігіне өтіп кеткен

05.02.2021

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының тұрғындары жеке меншікке берілген жайылым жерлерді халыққа қайтаруды талап етеді. Ауылға тиесілі алты жүз гектар алқаптың жартысына жуығы қазір өзгенің қолында. Малмен жан бағып отырған Арыстанды елді мекенінің тұрғындары жайылым қайтарылмаса тігерге тұяқ қалмайды деп, жыларман халде. Өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тұрғындармен кездесті.
Арыстанды ауылында алты отбасы бірге игеріп келген 32 гектар жерінен айырылып қалған. Себебі, аудан әкімінің жер берілгені туралы шешімі жарамсыз деп танылып, барлық алқап бір кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен. Содан бері төрт жыл өтті соттасып әлі қайтара алмай жүр.
Намазалы Махашев, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Жерімізден бір-ақ күнде айырылдық. Алты отбасының жерін бір адамға шешіп берген. Қазіргі күн көрісіміз есігіміздің алдындағы жеріміз, сол алып қойған кісіден арендаға алып, арендаға егіп жатырмыз.
Жеті жүзге тарта тұрғыны бар үлкен ауылдың егістік жерлері мемлекеттік конкурс арқылы жекенің қолына өтіп кеткен. Алайда, алқапты игеріп жатқан ешкім жоқ. Ал, төрт түлігін жаятын жер таппай қиналған жұрт, кезінде пайға алған үлестерін кері қайтаруды сұрайды.
Әлібек Бекбаев, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Мал жаятын жер жоқ қазір ауылда, мал сыймайды жайылымға.
Оразкүл Найманбай, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Осы жерлерді алып қойып жатқан адамдар жері жоқ адамдар емес, гектар-гектар жері бар. Қора-қора малы бар. Аудан әкімінен көмек жоқ, ауыл әкімінен көмек жоқ. Облысқа да шықты, көмек жоқ. Мына халық қайда барады?!
Тұрғындардың талап арызын тыңдамақ болып келген аудандық жер бөлімінің басшысына ашуға булыққан жұрт мәселені төтесінен қойды.
Мамандардың айтуынша , ауыл халқы егістік жерлерін дер кезінде заңдастырмағандықтан, жер аудандық қордың қарамағына өтіп кеткен. Ал, жайылым алқаптары бастапқыда алты жүз гектардай болғанымен, оның да жартысынан астамы жекеге берілген. Сөйте тұра шенеуніктердің өздері ауданда мал жаятын жердің тапшы екенін мойындайды.
Берік Алтынбеков, Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Бізге жайылым жер телімі жетпейді. Ол жету үшін 1 млн 300 гектар жер құрауы керек .
- Жетпей тұрып сіздер жалға өткізіп жібересіздер ма сонда?
- Енді кезінде конкурспен пайдалану үшін азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында берілген.
Жергілікті атқамінерлер Президенттің пәрменінен кейін жайылым жерлерді қайта түгендейміз дегеннен әрі аса алмады. Шенеуніктердің жауабына қанағаттанбаған жұрт енді облыстан көмек сұрамақ.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу