Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «АрселорМиталл» компаниясының басқарма төрағасы Лакшми Митталмен де кездесті. Бейнебайланыс арқылы болған кездесуде зауыттағы өндірісті жаңғырту, өнім түрлерін көбейту мәселесі талқыланды. Президент қазір кеме жасау, автокөлік және электротехника бойынша жаңа тауарлар шығару маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, атмосфераға бөлінетін қалдықтарды азайту, Теміртаудың экологиялық ахуалын жақсарту бойынша қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Қазір Қарағанды мен Теміртауда экология ең өзекті мәселе. Жергілікті халық та ахуалдың нашарлап жатқанын сезініп отыр. Ал, сіздің компанияңыз өңірдегі ауаны ең көп ластаушылардың бірі. Сондықтан, іс-шараларды бірігіп жүзеге асыруымыз керек деп ойлаймын. Біз жақында жаңа экологиялық кодекс қабылдағанымызды білесіз. Бұл жауапкершілікті арттырады. Сондықтан, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін сіздердің қандай жоспарларыңыз бар?
Лакшми Миттал, «АрселорМиттал» компаниясының басқарма төрағасы:-Біз алдағы он жылға арналған үлкен жоба жасап жатырмыз. Оған 3 миллиард доллор көлемінде инвестиция құймақпыз. Бағдарлама Қарағанды мен Теміртаудағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталып отыр.