Сыр өңірінде вакциналау басталғалы 340 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Оның басым бөлігі медицина қызметкері болса, 20 тұрғын ерікті түрде вакциналаудан өткен.
Қазіргі таңда қала бойынша үш емханада екпе егу кабинеттері жұмыс істейді. Ресейден әкелінген мың доза вакцинаның 40 пайызға жуығы қолданылды. Әзірге, теріс әсер беріп, денсаулығына шағымдану жағдайы тіркелмеген. Ал осыдан үш күн бұрын вакциналаудан өткен медбике Ләззат Байтабынова ағзада ешқандай өзгеріс байқалмағанын айтады.
Ләззат Байтабынова, №6 емхананың аға медбикесі:Алдыңғы шепте біз, медицина қызметкерлері, халықпен көп қарым-қатынаста боламыз. Сол себепті біз ешқандай қорқудың қажет жоқ. Мен мысалы, 1 ақпан күні алған күннен кейін ешқандай жанама әсері берілген жоқ.
Ал Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілген 1200 доза вакцинаның 3 күнде 75 пайызы егілді. Екпе салынғандардан ешқандай шағым түскен жоқ дейді мамандар. Жалпы соңғы аптада ауру жұқтырғандар саны біршама азайды. Бірақ, өңір әлі қызыл аймақтан шыққан жоқ. Қазіргі күні 452 адам стационарда ем қабылдауда, 22 науқастың жағдайы ауыр, өкпені желдету аппаратына қосылған.
Әділбек Серікұлы