Коронавирустың мутацияланған түрі өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың мутацияланған түрі өршіп барады

04.02.2021

АҚШ-та коронавирус жұқтыру оқиғалары бәсеңдеуде. Індетке шалдыққандардың тәуліктік саны өткен аймен салыстырғанда 250 мыңнан 125 мыңға дейін азайған. Алайда мамандар ковидтің жаңа түрлері жағдайды ушықтыруы мүмкін дейді. Штаттарда бір күнде «оңтүстікафрикалық», «бразилиялық» және «британиялық» штамм 546 адамнан табылған.

Еуропаны да мутацияланған вирус дендеп тұр. Ұлыбританияда 10 миллиондай адам вакцина қабылдап үлгерсе де эпид ахуал әлі «қауіпті» деңгейде. Биліктің хабарлауынша, вирустың таралу қарқыны бәсеңдесе, наурыздың 8-де мектептер ашылуы мүмкін.

Ал Испанияда пандемия кесірінен жұмыссыздық артып, 4 миллиондай адам табысынан айырылды. Мамандар бұл көрсеткіш әлі өсуі мүмкін дейді. Себебі «британиялық» штамм өткен аптада 267 адамнан анықталғандықтан, қатаң талаптар әлі сақталуы мүмкін. 

Хорватияда кәсіпкерлер нарызылық білдірді. Олар карантин талаптарына қарсы. Мейрамхана, барлар, фитнес-орталықтардың жұмысына екі айдан бері тыйым салынған. Алайда дүкендер мен кинотеатрлар ашық. Демонстранттар мұны әділетсіздік деп, бизнеске рұқсат беруді талап етіп жатыр.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу