Қуандық Бишімбаев Елбасынан және халықтан кешірім сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуандық Бишімбаев Елбасынан және халықтан кешірім сұрады

08.01.2018

 

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Елбасынан және халықтан кешірім сұрады. Сондай-ақ, экс-министр сотқа не үшін бір жыл бойы түсініктеме бермегенін де түсіндірді.

 

Ол тек журналистер қатысатын сот отырысында ғана жауап беру туралы құқығын қолданып, Қазақстан қоғамының  БАҚ арқылы барлық мән-жайдан хабардар болуын қалаған. Оның айтуынша, қазірге дейінгі барлық тергеу амалдары айыптау негізінде жүргізілген.

 

Кейбір күдіктілер тергеу барысындағы қысымнан Бишімбаевты танымаса да, қарсы пікір айтуға мәжбүр болыпты. Осылай деген айыпталушы өзін де адвокатсыз келіссөздерге бірнеше мәрте шақырғанын жайып салды.

 

Сонымен қатар, экс-министр Астана іргесіндегі зәулім коттедждің өзіне ғана тиесілі емес екенін жеткізді. Оны монша ашу мақсатында алты жігіт бірігіп салған. Сотта екі сағат түсініктеме берген Қуандық Бишімбаев мемлекет қаржысын жымқырды деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

 

Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:

Ашығын айтқанда, тексерілмеген арыздардың негізінде мені ғана емес, еліміздің кез келген азаматына күйе жағып, жала жауып, сотқа тартылатынын мен осыған дейін ойлаған жоқпын. Сонымен қатар, бірде-бір мемлекеттік орган, прокуратура болған жағдайды объективті түрде тексергісі келмейді. Шындығында, менің бұл іске қатысым жоқ. Мұны біздің қоғамға және ең маңыздысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізгім келеді. Президенттің алдында кінәлі екенімді сезінемін. Сенім артып, жұмысқа шақырған азаматтар мені жарға жықты. Мен сол үшін жауап беремін. Олар мені және сенімімді пайдаланды. Сол үшін мен Елбасыдан, халықтан кешірім сұраймын. Осы жағдайға қарамастан мен әрқашан Президентке берілген азамат боламын.

 

Айта кетейік, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда.

 

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу